Жазушы-драматург, қоғам және мемлекет қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің Фейсбук парақшасынан алынды.
Астана. Ақорда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановты қабылдады.
Ақордада өткен бұл кездесуде Ақмола облысының әкімі Марат АХМЕТЖАНОВ өңірдің биылғы бірінші жарты жылында қол жеткізілген табыстар жайлы есеп берді.
Биылғы жылдың оңай соқпағаны бар. Қысқы қалың қар… үскірік боран… қатты аяз… Желтоқсан мен қаңтар айларында жауған жауын… жерді көк мұз басты.
Мұның соңы келіп, қыс бойғы түскен қалың қардың әп-сәтте еріп, бұрын-соңды болмаған қарғын судың тасуына, жол жөнекейгі бөгеттер мен жолдарды бұзып, ауыл мен қалаға жайылуына әкеліп соқты.
Ақмола-Көкшетау өңіріндегі Есіл тасып есті алды, Қылшақты арнасынан асып, қауіп төндірді, Жабай да жай жатпай ол да өзінің жай еместігін көрсетуге тырысып бақты.
Ел басына күн туды… «Ат ауыздықпен су ішер, ер етікпен су кешер» күн туды…
Сол бір ел басына күн туған сын сағатта және де Президентіміздің «су тасқынынан зардап шеккен бірде бір адам қамқорлықсыз қалмасын» деген тапсырмасын орындау үшін Марат Ахметжановтың да аяғына етік киіп, қалың елмен бірге су алып жатқан дала мен қаланың халқының ортасында болды. Дала командиріне сай басшылық жасап, мал мен жанды беті қатты қар суының қатерінен аман алып қалу үшін күресті.
Тіпті Марат Мұратұлының тасқын судың ортасында қалып, жарықсыз, жолсыз, байланыссыз қалған Жарқайың ауданындағы Үшқарасу ауылына қайықпен барғанын да, сол ауылдың халқына азық-түліктің де, хат-хабардың да, дәрі-дәрмектің де, зейнетақы мен жәрдемақы қаржыларының да қайықпен жеткізілгендігінің куәсі де болдық.
Енді бүгін, міне, әкім Президентке су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен азаматтарды қолдау шараларының орындалу барысы жайлы ұялмайтындай есеп берді,
Ақмола облысы бойынша 711 үй толық жөндеуден өтті. 331 үйдің құрылысы жүріп жатыр, 221 тұрғын үй сатып алынған. 1782 отбасыға бір реттік көмек берілді. 814 отбасының мүлкіне келген залал өтелді.
Жабай және Қылшақты өзендерінің арналары тазартылып, айналма каналдар салынып жатыр. Сонымен қатар жағалауларды нығайту жұмыстары қолға алынған.
Жабай мен Қылшақты өзендері арналарының тазартылмағанына да білетіндер қырық жылдай болды деп отыр. Осы қос өзеннің арналары қоқысқа толып, түбі лайланып, қамыс байланып, көктем сайын таситыны содан еді.
Енді міне, сол өзендерді тазарту үшін Марат Ахметжанов өзі бас болып, «земснаряд» деген қондырығыны сатып алғызып, бұлақтың көздерін аша бастады.
Жабай өзенінің суын реттеп отыратын шлюздер де салына
бастады.
Талай жыл тасып, қалың елді әбігерге салатын Жабайдың жағалауын көктем сайын қапқа салынған құммен биіктетіп, өзеннің түбін құммен толтыра бергенше, өзеннің арнасын кеңейтіп, тазарту, қақпа (шлюз) салу бұрын-соңды еш әкімнің есіне кірмегені несі екен? Мұны жергілікті халық айтып отыр. Қайсы бірін айтарсың?! Атқарылып жатқан игі істі көре де білсек, айта да білсек көңілді орнықтырар жайлар бар деуге болады. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевқа өңір басшысы Марат Ахметжанов бұйыртса, биылғы күзде дәнді дақылдардан 5 миллион тоннадан астам астық алынатындығын, 7 ірі тауарлы сүт фермасы салынып жатқанын айтқаны да ауыл шаруасының да ілгері басып келе жатқандығын айғақтаса керек.
Ақмола-Көкшетау өңірінде биыл егін-шөптің шығымы жақсы. Орақ басталар күн де алыс емес. Не де болса, ел тоқ болсын! Қазақ елі берекелі де, бейбіт күннің бірлігімен жарасып, өсіп-өркендей берсе етті!