Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейінде ұйымдастырылған «Ойыншықтар әлемі» атты музей түні кішкентай көрермендерге арналды.
Халықаралық музейлер күніне орайластырылған кештің мақсаты – кішкентай көрермендерді музей қорындағы ойыншықтар әлеміне бойлату және олардың тарихымен таныстыру, жас ұрпаққа қорда сақталған ойыншықтардың мән-маңызын ұғындыру.
Кештің ашылуында аталмыш музейдің директоры Кенжебай Мұқышев, тіл жанашыры Қаратай Бәйкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова құттықтау сөз сөйлеп, жиналған оқушылар қауымына Халықаралық музей күнінің мән-маңызын, ойыншықтардың адам баласын дамытуға қосатын үлесі туралы айтып берді.
Музейде Кеңес Одағының батыры, академик М.Ғабдуллиннің қызы Майдан Мәлікқызы мен немере қарындасы Ләззат Жанатаева сыйлаған 100-ден аса ойыншық қоры бар екен. Іс-шараға келген оқушылар мен көрермендер соғыстан кейінгі жылдары балалар ойнаған ойыншықтардың түр-түрін көріп, тамашалады. Ағаштан жасалған бұйымдар мен тоқылған қуыршақтар, ыдыс-аяқ, жануарлар түріндегі ойыншықтар қазіргі заманның оқушыларына шынымен қызықты болды. Сонымен бірге, кеш барысында тоғызқұмалақ, асық ату секілді ұлттық ойындар ойналып, мектеп оқушылары өздері дайындап әкелген әсем әндерін әуелетіп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Музей түні форматында ұйымдастырылған кеште сондай-ақ, сәндік қолданбалы қолөнер шебері Альбина Байковскаяның шығармашылық көрмесі қойылып, насихатталды. Қолөнер шебері кішкентай көрермендерді өзінің коллекциясымен таныстырып, әр ойыншықтың сыр-сипатын айтып берді.
Сонымен бірге, кеш қонақтары М.Ғабдуллин музейіне киелі Түркістан төрінен жеткен «Ұлы дала мұрасы» атты жылжымалы көрмені де тамашалауға мүмкіндік алды.