spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7 C
Kokshetau

Су тасқынынан зардап шеккен 27 атбасарлық отбасы баспаналы болды

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Атбасар ауданына жұмыс сапарымен барып, онда көктемгі су тасқыны салдарынан үйлері жарамсыз деп танылған 27 атбасарлық отбасыға салтанатты түрде жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті.  

Бұл жаңа пәтерлер жалпы сомасы 162 миллион 700 мың теңгені құрайтын «Асар Астана» қоғамдық қорының қаржысына сатып алынды. Баспаналары осылайша жарамсыз болып қалған 50 отбасы жергілікті атқарушы органдардың көмегіне сүйене отырып, әзірге өздеріне лайықты екінші деңгейлі дәрежедегі пәтерлерді іздестіруде, ал жергілікті атқарушы органдар оларға құжаттарды ресімдеу бойынша жағдай жасауда.

– Бірлескен күш-жігеріміз бен шұғыл әрекеттің арқасында біз халықтың өмірі мен денсаулығын сақтап қала алдық, – деп атап өтті облыс әкімі өз сөзінде. – Мемлекет басшысы мәлімдегеніндей, «ешкім де назардан тыс қалмайды». Тасқыннан зардап шеккен әрбір азамат пен әрбір отбасы мемлекеттің тиісті қамқорлығында болады.

Өңір басшысы салтанатты шарада мамандардың қорытындысы бойынша пәтерлер бірінші кезекте баспаналары тұруға мүлдем жарамсыз болып қалған тұрғындарға берілетіндігін атап өтті. Сонымен бірге, 334 отбасына жалпы сомасы шамамен 123 миллион теңгені құрайтын біржолғы көмек төленіпті. Қазір су тасқынынан зардап шеккен әрбір отбасының залалы есептелуде және оларға тиісті өтемақы төленетін болады.

– Қалада салынып жатқан 100 пәтерлі екі үйдің құрылысын тез арада аяқтап, тағы бір 100 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын бастаймыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз көптеген жылдар бойы кезекте тұрған барлық мұқтаж жандарды – көп балалы отбасыларды, мүгедектігі бар және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге тиіспіз. Сондай-ақ, болашақта су тасқынының зардаптарымен алыса бермейтіндей, оның алдын алып, Жабай өзенінің түбін тазартып, тереңдету және жағалауын нығайту жұмыстарын қазірден жүргізу қажет, –деді аймақ басшысы.

Жаңа пәтерлерінің кілтін алған атбасарлықтар ел Президентіне, облыс, аудан және ауылдық әкімдеріне, еріктілер мен осы жағдайға бей-жай қарамай, қол ұшын берген жерлестері мен жанашыр жандарға шын жүректен алғыстарын білдіріп, қуаныштарымен бөлісті.

Салтанатты шарадан соң облыс әкімі Атбасар қаласында салынып жатқан екі тұрғын үйдің құрылысын тексеруге барды. Жоғары атап өткеніміздей, бұл үйлер Жабай өзенінің бойында орналасқан, су тасқыны кезінде қауіпті саналатын «қызыл аймақта» тұрған тұрғындарды көшіруге арналған. 2021 жылы бұл тұрғын үйлер құрылыс материалдары бағасының шарықтап кетуіне байланысты уақытында аяқталмай қалған. Биылғы жаздың соңында осы екі үйдің құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Егер бұл жоспар іске асса, 200 атбасарлық отбасы көптен күткен баспаналарына ие болып, қоныс тойын тойлайды. Бүгінде онда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде: төбелерін тартып, еденіне линолеум төсеу, қажетті сантехникалық құралдарды орнату секілді жұмыстар қалған, барлық инфрақұрылым орнатылған.

– Барлық жұмыстар келісім-шарт бойынша қатаң орындалуы тиіс, – деп облыс әкімі мердігерлерге жауапкершіліктері туралы ескертті. – Барлық пәтерлер қоныстанушылар кіргенде, бірден тұруға дайын болуы керек. Қазір барлық жағдай жасалған, ауа-райы да қолайлы, қаржыландыру жағы да үздіксіз, сондықтан күндіз-түні жұмыс істеңіздер.

Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжановтың айтуынша, өңірде су тасқынынан кейінгі жағдай тұрақты.

–Ауданда  су басқан 250 үй толығымен тексеріліп, зерттелді. Зардап шеккен тұрғындарға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі алғашқы көмек төленді. Мүлікті жоғалту жөніндегі комиссияның есебі бойынша 40 миллион 136 мың теңгенің шығыны анықталды, 77 үй апатты деп танылып, 173 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі белгіленді, –деді аудан басшысы.

Су тасқыны кезінде аудан орталығынан алты елді мекен қатынассыз қалған болатын. Аудан әкімі екі апта бұрын жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізіліп, байланыссыз қалған барлық ауылдар мен аудан орталығы арасында қатынас орнатылғанын атап өтті.

–Әлеуметтік нысандардан Атбасар қаласындағы №1 жалпы білім беретін мектеп пен қала сыртындағы «Есіл» сауықтыру лагері зардап шекті. Оларға келтірілген залал сомасы 236 миллион теңгені құрайды. Қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті, жаңа оқу жылына дейін мектепті жөндеп үлгереміз, – деп уәде берді аудан басшысы.

Борисовка ауылының тұрғыны, бес баланың анасы Наталья Заика ел Президентіне және жергілікті атқарушы органдарға су тасқыны кезінде жедел көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді.

–10 сәуірде біздің ауылға үлкен су ағыны келе жатқанын хабарлады. Біз жиһаздарымызды жоғары көтеріп қойып, алдын ала эвакуацияландық. Біздің үйіміз апатты жағдайда және қазірдің өзінде қабырғалары үгіліп, құлап жатыр. Мен көпбалалы ана болғандықтан, 4 бөлмелі үйді таңдадым, ауылдық әкімдіктегі мамандар құжаттарды тез рәсімдеуге көмектесті. Енді бұл жаңа қоныста біз тыныш өмір сүре аламыз деп ойлаймын, әрі мұнда су басу қаупі жоқ, – деп өз ойымен бөлісті ол.

Вероника БУРДА,

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img