Жазушы, драматург, қоғам қайраткері, сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің Фейсбук парақшасынан алынды:
Бүгін (21 сәуір 2024 жыл) Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданындағы Оразақ ауылына барып, су бөгетінің (дамба) жағдайын өзі көріп, осы бөгетті нығайтып жатқан жұмысшылармен, ауыл халқымен кездесті.
**************************************
Бұл ауыл ана бір жылдары қар суының жолында қалып, біраз қиыншылықтар болғаны әлі де есте. Біраз үйлер жарамсыз болып қалып, ауылға біраз жаңа тұрғын үйлер салынған да болатын. Енді сол су алу жайы қайталанбаса екен! Оразақ ауылының бар халқының ойлап отырғаны осы!
Оразақ ауылын жыл сайынғы қызыл судан қорғау үшін салынған су бөгетін (дамбаны) қайрадан биіктетіп, нығайтпаса болмайды екен.
Әзірге осы су бөгетінің арқасында ауыл судан аман. Алайда алдағы уақытта ЫНТЫМАҚ және САРҚЫРАМА су қоймаларына жиналған артық су ағызылып жіберілсе Оразақтың су бөгеті шыдас бермей қалуы да мүмкін.
-Қазіргі уақытта қолда бар біздегі мәлімет бойынша осы су қоймаларындағы судың қоры 1 миллиард 200 миллион текше метрге жетіп отыр. Су негізінен Қарағанды жақтан НҰРА өзенінен келеді, Әзірге судың мөлшері қалыптағыдай және су деңгейі төмендеп келеді. Жағдай тұрақты, бақылап отырмыз. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ дегендей Оразақтың су бөгетін өте орынды биіктетіп, нығайтып жатырсыздар! Еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды айтамын,-деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша судан зардап шеккен бірде-бір адам көмексіз, қолдаусыз қалмайды, – деп облыс әкімі Марат Ахметжанов қазір облыс бойынша су тасқынының беті қайтып, жағдайдың тұрақтала бастағандығын , қазіргі уақытта судан зардап шеккендердің шығындарын өтеу басталғандығын айтты.
Оразақ ауылы шынында да алда-жалда келе қалар қызыл суды бөгеу үшін бекініп жатыр.
Бүгінге шейін, яғни соңғы он күннің ішінде 20 мың қап құммен 200 метр су бөгетінің жағалауы биіктетіліп, нығайтылды.
Су бөгетін нығайтуда төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, 100-ден астам еріктілер, 70-ке жуық мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері аянып қалған жоқ. Олар күн-түн демей жанқиярлық таныта білді.
Оразақ ауылы, барша еліміз су қатерінен аман болсыншы!