spot_img
Жұма, Қараша 22, 2024
-4.8 C
Kokshetau

Ұлтын өзінен биік санаған ұлы тұлға Қаныш Сәтбаевтың өмірі жас ұрпаққа өнеге

Сондай-ақ...оқыңыз

Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында және геолог-ғалым, профессор, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына орай облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық даму орталығының» ұйымдастырған «Өмірі өнеге» атты ғылыми конференцияны Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Аманбай Сейітқасымов ашып, жүргізді.

Қазақтың тұңғыш академигінің өмір жолы мен ғылыми еңбектерін өскелең ұрпаққа дәріптеу, ел жастарын ғылымға тарту мақсатында өткізілген конференцияға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин, еңбек ардагері, сәтбаевтанушы Мейрамбек Қиықов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Отан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, археология, этнология ғылымдарының PhD докторы Қанат Бөдеев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылары, «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің геологиялық барлау бөлімінің мамандары,  Көкшетау қаласының зиялы қауым өкілдері мен жастар қауымы қатысты.

–12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні. Күнтізбедегі бұл дата кездейсоқ таңдап алынған жоқ. Бұл күні Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаев дүниеге келген. Мемлекет басшысы осыған орай, бұл күнді ғылым қызметкерлеріне арнады, – дей келе  Аманбай Асылбайұлы конференцияға арқау болған ғұлама ғалымның адамдық асыл қасиеттері мен тұлғалық ерекшеліктеріне тоқталды.

Алғашқы баяндаманы сәтбаевтанушы, еңбек ардагері Мейрамбек Қиықов бастады. Ол жиналған қауымға Мемлекеттік,және бірнеше Лениндік сыйлықтардың иегері Қаныш Сәтбаевтың сан қырлы тұлғалық сипатын аша отырып, оның туған халқына тигізген игі істерін үлгі етті. Атап айтқанда, ұрпаққа қалдырған жеті ұлы ізгілік ісіне ерекше мән берді. Мәселен, Жезқазғанда ашып кеткен ең ірі үш мыс провинциясын, 1941 жылы геология институтын Геологияның ғылым штабына айналдырғанын, оған Кеңес Одағынан ғана емес, басқа елдерден ғалымдар, мамандар келіп, тәжірибе алатын болғанын, Қазақстан Ұлттық академиясының негізін қалағанын, Ұлы Отан соғысы кезінде қорғаныс өнеркәсібін марганецпен, мыспен қамтамасыз еткенін, Кеңес одағының ғалымдарымен арпалысып жүріп, Ертіс-Қарағанды каналының салынуына зор күш жұмсағанын, металлогендік болжам картасын жасаудың негізін қалағанын, мұнайдың мол қоры, полиметалл, марганец рудасы оның жоғары аталған металлогендік болжам картасы негізінде ашылғанын алға тартты. Бүгінде ғалымның айтып кеткен болжамдары 90 пайыз орындалып отырғаны баршамызды таңқалдыруда.

–Ұлтымыздың ұлық перзенті, Қаныш Сәтбаевтың өмірі әркімге де  өнеге. Оның ғұмыр жолын ұрпаққа жеткізу үшін белгілі жазушы Медеу Сәрсеке ғұмырының біршама уақытын арнады. Ол кісімен маған екі рет кездесудің сәті түсті.  Ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлының ғұмыры тек өрлеу мен өсуден ғана емес, сонымен бірге, ол да сталиндік билеу қуғын-сүргініне іліккен алаш ардақтысы. Ұлтының болашағын ойлаған азамат әр ісін бастағанда, оның халқына тигізер пайдасын, ұрпаққа қалар игілігін ойлаған екен, –деп, Мейрамбек Қиықұлы  Ұлыбританияның экс премьер министрінің «қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма деген» сауалына: академиктің: «О,жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деп жауап бергенін жас ұрпаққа мақтанышпен айтып, үлгі-өнеге етті.

Бұдан әрі облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин облыс әкімі Марат Ахметжановтың атынан құттықтау сөз сөйлеп, конференция қатысушыларына өңір басшысының ізгі тілектерін жеткізді.

–Құрметті жиналған қауым, Сіздерді 12 сәуір Ғылым қызметкерлері күнімен және Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті, артына өшпес мұра қалдырған ұлт перзенті, алғашқы кәсіби тау кен инженері, геолог-ғалым, қазақстандағы бірінші мемлекеттік сыйлықтың иегері Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен құттықтаймын.  Биыл бұл асыл азаматтың туғанына 125 жыл. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев дәстүрге айналған Ұлттық құрылтайларда Жаңа Әділетті Қазақстанды құру қағидасында адал азамат, толық адам, еңбек адамы туралы әрдайым айтып келеді. Ол дегеніміз – рухани жетілген, кемеліне келген, жан-жақты дамыған азаматтар. Бұл Әділетті Қазақстан азаматының бірегей образы және қоғам дамуының бастауы. Осындай халқына адал қызмет еткен бірегей тұлға – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, –дей келе басқарма басшысы ғалымның Қазақстан жерінен Менделеев кестесіндегі металдардың барлығы дерлік бар екенін дәлелдегенін, геология саласындағы ғылыми еңбектерінің әлі де өзектілігі жойылмай келе жатқанын, отандық ғылымға, мәдениет пен әдебиет саласына қосқан елеулі еңбектерін, жоғары сынып оқушыларына «Алгебра» оқулығын жазғанын тілге тиек етіп, конференция қатысушыларына нәтижелі жұмыс тіледі. –Қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезов өз заманында ол химикпен, геологпен, физикпен, тарихшымен, филологпен олардың ғылыми тілінде еркін сөйлесе алады» деп ерекше баға берген Қаныш Сәтбаевтың ең басты жетістігі – қазақ қоғамын ағартушылықтан интеллектуалдық, ғылыми кәсіби деңгейге көтерген сүбелі еңбегі.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінен келген тарихшы ғалым, археология, этнология ғылымдарының PhD докторы Қанат Бөдеев «Қ.И.Сәтбаев және тарих ғылымы»,  Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Өтегенов «Қ.И.Сәтбаев және қазақ ғылымы», Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің  «Тау-кен ісі, құрылыс эәне экология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры PhD Динара Қауменова «Ұлттық ғылымды әлемдік деңгейге көтерген ғалым» тақырыптарында баяндама жасап, академиктің әр салаға қосқан елеулі еңбектерін жан-жақты ашып берді. Сонымен бірге, конференцияда «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің геологиялық барлау бөлімінің бастығы Мәлика Қажымұқанова, «Солтүстікқазжерқойнауы» өңіраралық геология департаментінің Солтүстік Қазақстан өңірлік инспекциясының басшысы Досхан Әмрин да өз салаларына қатысты Қаныш Сәтбаевтың сіңірген еңбектеріне тоқталды. Ал, Мәлік Ғабдуллин музейінің аға ғылыми қызметкері Майра Жолаушина Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин мен ғалым Қаныш Сәтбаев арасындағы рухани байланыс, өзара сыйластық туралы әңгімелеп, музейде сақталған хаттардан үзінділер келтірді.

Ғылыми конференция соңында облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың атынан қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, ән-жырдан шашу шашылды.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img