spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7 C
Kokshetau

Мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартудың тағы бір жолы – өңірлік кадр резерві

Сондай-ақ...оқыңыз

Думан Әбілев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы өзекті сұрақтарға жауап берді.

    – Ақмола облысында өңірлік кадр резерві құрылатынын естіп жатырмыз. Бұл қандай жоба, оның мақсаты не? Осы туралы толығырақ айтып берсеңіз.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастардың әлеуетін іске асыруға және пайдалы бастамаларды қолдауға ерекше назар аударып, көптеген тиімді әрі кемел болашақты көздейтін түрлі жобаларды жүзеге асыруға шақырады. Өздеріңіз білетіндей, мемлекеттік аппаратқа адал, білімді, бастамашыл, халық игілігіне қызмет етуге дайын мамандар әрдайым қажет. Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап өңірлік кадр резервіне іріктеу басталды. Бұл жобаның мақсаты – білікті жас мамандардың өңірлік пулдарын құру және талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту болып табылады. Өңірлік резервке іріктелген тұлғалар жергілікті атқарушы органдардағы сайланатын лауазымдарды қоспағанда «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына тағайындалуы мүмкін. Өңірлік резеревте болу мерзімі 2 жылды құрайды.

Өңірлік жастар кадр резервіне үміткерлерді іріктеу 6 салалық бағыт бойынша іске асырылады. Олар:

  • Индустрия және өнеркәсіп
  • Экономика және қаржы
  • Әлеуметтік сала
  • Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым
  • Агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары
  • Цифрландыру

     – Өңірлік кадр резервіне кімдер және қалай қатыса алады? Құжаттарды қалай тапсыруға болады?

– Үміткерлерге қойылатын талаптарға келетін болсақ, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, 3 жыл еңбек өтілі бар, жоғары білімді Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Олардың осы талаптарға сәйкестігін ұсынған құжаттарына сәйкес тексеретін боламыз. Құжаттар onir.pkrezerv.gov.kz онлайн-платформасында қабылданады, не болмаса қолма-қол тәртіпте біздің Департаментке немесе пошта арқылы тапсыруға болады. Алайда бұл жағдайда үміткерлер 1 жұмыс күні ішінде онлайн-платформаға тіркелуі қажет. Талап етілетін құжаттар ішінде жеке басын куәландыратын құжат, өтініш, білім туралы дипломның көшірмесі, еңбек жолын растайтын құжаттың көшірмесі, соңғы жұмыс орнымен куәландырылған қызметтік тізімі, түрлі-түсті 3х4 форматындағы сурет бар. Онлайн-платформада тіркелгеннен соң және жеке кабинетінде барлық құжаттарды жүктегеннен кейін үміткер өңірін және салалық бағытын таңдайды. Бір кандидат тек бір өңір мен бір салалық бағытты таңдай алады. Бұл мәліметтерді өзгерту мүмкіндігі болмайды.

    – Жалпы, өңірлік кадр резервіне іріктеу қандай кезеңдерден тұрады?

– Іріктеу 5 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – құжаттарды қабылдау. Ол ағымдағы жылдың 1-31 наурызы аралығында жүргізіледі.

Екінші кезең екі блоктан тұрады:

  1. ҚР заңнамасын білуіне тестілеуден өту. Оның мерзімі ағымдағы жылдың 5-9 сәуірі аралығы.
  2. Жеке қасиеттерін бағалау бойынша тестілеуден үміткерлер 13-14 сәуірі аралығында өтеді.

Үшінші кезең – ассессмент-орталығында арнайы бағалаудан өту 22 сәуір – 7 маусым аралығына белгіленді.

Төртінші кезең – құрылымдалған сұхбаттан өту 13-15 маусымда өтеді.

Бесінші кезең – өңірлік комиссияның отырысы ағымдағы жылдың 17 маусымына дейін өтуі тиіс.

Әрбір кезеңде келесі кезеңге өтетін кандидаттардың шекті саны белгіленген. Мысалы құжат тапсырған кандидаттардың барлығы ҚР заңнамасын білуіне тестілеуден өтуге жіберілсе, келесі жеке қасиеттерін бағалау кезеңіне олардың 50% ғана өтеді.

    – Ассессмент-орталығы кезеңінің мақсаты қандай? Жалпы, осы кезеңнің өту тәртібі туралы толығырақ мәлімет беріп өтсеңіз.

– Бұл кезең кандидаттардың мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы олардың пробелсенділік, сенімділік, көшбасшылық, қызметті басқару, талдау және мәселелерді шеше білу құзыреттерін бағалау мақсатында өткізіледі. Бұл процесс топтық және жеке жаттығулар түрінде ұйымдастырылып, оған бақылаушылар ретінде сертификатталған сарапшы-бағалаушылар қатысады. Ассессмент-орталығының нәтижесі бойынша әрбір үміткерге қысқаша есеп әзірленіп, үміткердің жеке кабинетіне орналастырылады. Құзыреттерді бағалау ұзақтығы 6-8 сағатты құрайды. Кезеңді өту тілін кандидат өз еркімен таңдайды. Ассессмент-орталықтың нәтижелері бойынша әрбір кандидатқа «Құзыреттерді бағалау» кезеңі аяқталған сәттен бастап 25 жұмыс күнінен кешіктірмей оларға электрондық поштаға, сондай-ақ кандидаттың онлайн-платформадағы жеке кабинетіне жіберілетін қысқаша есептер қалыптастырылатын болады.

    – Құрылымдалған сұхбат дегенді қалай түсінуге болады?

– Жоғарыда айтып өткендей, ағымдағы жылдың 13-15 маусымы аралығында кандидаттар құрылымдалған сұхбатқа қатысып, өздері таңдаған бағыттарға сәйкес жобаларын қорғайды. Жоба презентация форматында әзірленеді. Презентация 5 слайдтан тұруы тиіс. Әрбір үміткер презентация барысында ұсынылып отырған идеяның мәні мен мақсатын, іске асыру кезеңдерін, орын алуы мүмкін проблемалық мәселелерін және күтілетін нәтижелерін ашу қажет. Презентацияны қорғауға 5 минут беріледі. Комиссия үміткерлерді талдау қабілеті, білімінің тереңдігі және коммуникативті дағдылары бойынша бағалайды. Өңірлік резервке іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін құрылымдалған сұхбат кезеңіне қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының бизнес-қоғамдастықтың өкілдері және салалық сарапшылар тартылуы мүмкін. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі, яғни біздің Департамент құрылымдық сұхбат жүргізуге дайындық кезінде кандидаттар туралы, оның ішінде тиісті мемлекеттік органдардан сұратылатын мәліметтер (талап), сондай-ақ кандидаттардың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 16-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкестігін қарайды.

    – Өңірлік комиссияның міндеті қандай? Жалпы комиссияның құрамына кімдер кіреді?

– Өңірлік кадр комиссияларының құрамы Президенттің Жарлығымен бекітілген. Оның құрамына төраға ретінде облыс әкімі, төрағаның орынбасары ретінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, яғни өзім, мүшелері ретінде облыс әкімі аппаратының басшысы, облыс мәслихатының төрағасы, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы кіреді. Комиссия үміткерлерді Өңірлік кадр резервіне қабылдау туралы ұсынымдар шығаруды жүзеге асырады. Комиссияның шешімдері негізінде біздің Департамент Өңірлік резервті құрады. Өңірлік резервке қабылданған адамдардың тізімі комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің интернет-ресурстарында, сондай-ақ онлайн-платформада жарияланады. Нәтижесінде комиссия ұсынған азаматтар өңірлік резервке іріктеуге қатысу туралы өтініште көрсетілген бағыттар бойынша Өңірлік резервке алынады. Жалпы, білімді, бастамашыл, халықтың игілігі үшін қызмет етуге дайын мамандар әрдайым сұранысқа ие, сондықтан жастарды іріктеуге белсенді қатысуға шақырамыз.

    – Елімізде әрбір 2 жыл сайын Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің жүргізілетінін ескере отырсақ, өңірлік кадр резервінің қажеттілігі бар ма?

– Өңірлік кадр резервіне алынған тұлғалар біздің Департаментпен келісу арқылы Ақмола облысының жергілікті атқарушы органдарындағы мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурстан тыс тәртіпте тағайындала алады. Осылайша, өңірлік резерв бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдардың жоғары білікті мамандарға қажеттілігін қанағаттандыру үшін арналған. Алайда, резервке іріктелу лауазымға орналасуға 100% кепілдік береді деуге болмайды. Бұл ең алдымен өзін көрсету, өз идеялары мен жобаларын алға тарту үшін жақсы мүмкіндік.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img