Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті жер учаскелеріне актілерді ресімдеу кезінде әкімшілік кедергілерге тап болған көрсетілетін қызметті алушының бұзылған құқықтарын қалпына келтірді.
Осылайша, азамат Д. 2021 жылы Целиноград ауданы Қызылсуат ауылының маңында бау-бақша өсіру үшін жеке тұлғадан 4 жер учаскесін сатып алды.
2023 жылы Бас жоспардағы өзгерістерге байланысты жер учаскелері орналасқан аумақ осы ауылдың шегіне енгізілді. Осыған байланысты өз жер учаскелерін қала құрылысы құжатына сәйкестендіру үшін өтініш беруші Целиноград ауданының жергілікті атқарушы органына жер учаскелерінің нысаналы мақсатын бау-бақша жүргізуден жеке тұрғын үй құрылысына өзгерту үшін жүгінді. Әкімдік өтініш бойынша оң шешім қабылдады.
Алайда, кейіннен жер учаскелеріне сәйкестендіру құжаттарын ресімдеу кезінде Целиноград ауданының тіркеу және жер кадастры бөлімі Жер кодексінің 50-бабында белгіленген жеке тұрғын үй құрылысы үшін мемлекет беретін шекті мөлшерден асып кетуіне байланысты жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнына тең соманы бюджетке төлеу қажеттігін көрсете отырып, актілерді дайындаудан бас тартты.
Бас тартумен келіспей, көрсетілетін қызметті алушы Департаментке шағымданды.
Шағымды қарау барысында бас тартуда көрсетілген заңнаманың талаптары осы жағдайға қолданылмайтыны анықталды, бұл жергілікті атқарушы органның және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі уәкілетті органның қорытындыларымен расталды.
Бұдан басқа, өтініш берушінің жер учаскесін азаматтық-құқықтық мәміле арқылы мемлекеттік меншіктен бермей сатып алғаны назарға алынды.
Істің мән-жайларын зерделеп, бас тартуды негізсіз деп танығаннан кейін Департамент әкімшілік органға көрсетілетін қызметті алушының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы шешім енгізді.
Нәтижесінде Целиноград ауданының тіркеу және жер кадастры бөлімі өтініш берушіге жер учаскелеріне актілер беріп, жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеуге құжаттарды қабылдады, бұл азаматқа жер учаскелерін нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік береді.