spot_img
Жұма, Қараша 22, 2024
-7.4 C
Kokshetau

Мен үшін қасиетті мекен – Қазақстан

Сондай-ақ...оқыңыз

Таулы Кавказдың өр намысты, рухты халқы да сталиндік қудалаудан тыс қалмады. Ингуш-шешендердің Қазақстанға күштеп көшірілгеніне күні кеше 80 жыл толды. Ақмола облысындағы «Вайнах» ингуш-шешен этномәдени орталығының төрағасы Герихан Яндиев:

–Ингуш-шешен халықтарының күштеп көшірілгеніне ағымдағы жылдың 23 ақпанында тура 80 жыл болды. Бұл операция депортациялардың ішіндегі ең бір ауыры әрі сорақысы еді. Сол кездегі сұрқия саясат бойынша біздің ұлтымызға жала жабылып, толықтай Ингуш-шешен АКСР-ін таратып, жойып жіберу көзделді. Күштеп көшіргендерін Қазақстан мен Орта Азияға жеткізді. Тіпті, Таулы аймақтардағы халықты көшіруге жұмылдырылған техникалары жете алмайтын болған жағдайда, сол жердің тұрғындарын бірін қалдырмай баласы бар, қарты бар бәрін қора сияқты бір орынға жинап, өртеген. Қарсылық білдіргендерін атып, қинаған. Сондай бір азалы орындардың бірі – Хайбах аумағы. Біздің бабаларымыз Яндиев ауылынан еді. Соғыста жүрген азаматтарды майданнан шығарып тастап, қуғындаған.

Менің ата-бабамның айтуынша, оларды мал таситын сұп-суық вагонға шал-кемпір, жастар демей, барлығын араластырып бір вагонға мінгізіп, қыстың суық күнінде қинап әкелген екен. Сонда көптеген жап-жас жігіттер мен қыздар әжетханаға барғылары келсе де, вагонның дәл ортасынан тесіп қойған орынға отырып, қажетін өтеуге ұялып, қуықтары жарылып қайтыс болып жатыпты. Себебі, біздің ингуштар үшін бұл моральдік тұрғыдан өте ұятты, әрі жат жағдай. Тіпті, жолда қайтыс болған шалдар мен кемпірлерді білдірмей, ұйықтап жатыр, немесе ауырып жатыр деп осы жаққа жеткізіп, көмген оқиғалар да жетерлік. Ал, егер біреу бірдеңе деп айтса болды, мылтықтарын безеп, атып тастап, жолда лақтырып кетіп отырған екен. Сөйтіп, менің аталарымды Зеренді ауданының аумағында түсіріп кетіпті. Әкем Зеренді ауданының Пухальск ауылынан, анам Айдарлы ауылынан. Бірақ, бір кездердегі саясатқа байланысты анамның жұрты оңтүстікке ауыпты. Менің анамның отбасында 18 бала болған екен, осындай сұрапылдан кейін солардың 4-еуі ғана осы тірі қалыпты.

Сталинизм салқыны бүкіл жерде өз ізін қалдырды ғой. Біздің бабаларымыз келгенде қазақтардың өзі он жыл бұрын ашаршылықты басынан өткерген кезең еді, қаншама халқынан айырылған. Осындай қилы кезеңді басынан өткерген соң, олар әр нәрсені жиып-теріп, сараң болуы тиіс еді. Мәселен, украиндықтар осындай ауыртпалықтан кейін сараң болып кетті ғой. Сұрқия саясат олардың ұлттық генін өзгертті. Әрине, ол ұлтты да түсінуге болады. Сол секілді қазақтар да барын жиып, тығып, ешкімге бермейтіндей өзгерулері тиіс еді ғой. Сонда мен: «Өздері осындай ауыр жағдайда отырып, қалайша бір нәрсемен бөлісе алды екен деп ойланамын». Құдай аулақ қылсын, егер мен аштықтың не екенін көріп, адам етін жеуге дейін баратын жағдайды басымнан өткерсем, онда мен де сараңның сараңы болар едім. Сондықтан, мен қазақтардың дархандығына, кеңдігіне үнемі таң қаламын. Осыдан олардың адамгершілігі мен мәдениетінің жоғары екендігін мойындаймын.

Сталиннің қолшоқпарлары біздің ата-бабамызды күштеп депортацияларда қазақтарға біздің ұлтты «адам жегіштер, аң тәрізділер келе жатыр» деп айтып, олардың теріс қарауы үшін дайындап қойған екен. Басында қазақтар байқап-байқап араласыпты, кейін уақыт өте, керісінше қиындық көріп келген ұлт екенін түсініп, бауырына тартып, жақындатқан екен.

Сондықтан, біз қазір қазақтардың ортасына түскенімізге, барымызды сақтап қалуға көмектесіп, қолдағандары үшін ризамыз.  Ұлтымыздың рухы мен мәдениеті сақталып қалғаны үшін қарыздармыз. Көптеген қиындықтар мен трагедияларды басынан өткерген Қазақстан қазіргі бейбіт өміріне, тыныштыққа әбден лайық мемлекет. Мұнда не болмады? Аштық та, қуғын-сүргін де, концлагерьлердің түр-түрі де, ядерлік полигонның зардабы да, тіпті АЛЖИР трагедиясы да осында болды. Енді біз барлық қазақстандықтар осы бейбітшілігімізді, тыныштығымызды сақтауға ат салысуымыз қажет. Осындағы тұрып жатқан әр ұлт қазақтардың қасына шоғырланып келгенін, олардың жомарттығы мен дархандығын ұмытпау керек.

«Тарихи Отаныңа неге оралмадыңыз?» деген сұрақты маған журналистер жиі қояды. Мен кеткім келсе, баяғыда көшіп кетер едім. Бірақ, мен Қазақстанда тудым, осында менің ата-бабамның рухы, естеліктері сақталған, осы қасиетті мекенде жерленген. Бұл жер – өте қасиетті, киелі мекен.  Сондықтан, мен Қазақстанда өмірімнің соңына дейін тұрамын, –дейді Герихан Ибрагимович.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img