1 ақпан – Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің туғанына 90 жыл
Көкшетау қаласындағы №18 мектеп-лицейінде қарымды қаламгер, Қазақстанның Халық жазушысы Сәкен сері Жүнісовтің есімі 2017 жылы берілген еді. Сұлу сөздің сүлейі атанған жерлесіміздің құрметіне ашылған музейде көзі тірісінде пайдаланған заттары мен кітаптарынан, құжаттарынан тұратын 500-ден астам жәдігер сақталыпты.
Осындағы әдебиеттің қай жанры болсын, көсіле қалам тербеген талант иесінің есімі берілген мектепте оның музейінің болмауы білім ошағы былай тұрсын, ел азаматтарына үлкен сын емес пе?! Сөйтіп, 2021 жылы қаламгер мен оның шығармашылығына құрмет көрсету, мектеп атын лайықты алып жүру мақсатында облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин музейінің мұрындық болуымен және мектеп-лицейінің ұстаздарының атсалысуымен мұнда Сәкен сері Жүнісовтің музейі ашылды. Музейге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сандуғаш Бралина жетекшілік етіп, жәдігерлердің жинастырылуы мен сақталуы барысында елеулі жұмыстар атқарып келеді. Осы арада 2018 жылы ол «Сәкен Жүнісов шығармаларын тану» атты республикалық байқауға қатысып, «Ең үздік авторлық бағдарлама» аталымын жеңіп алғанын атап өткен жөн шығар.
–Музейде жазушының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін 500-ден астам құнды жәдігер сақталған. Музейдің салтанатты ашылуына Көкшетаудың құрметті азаматтары, зиялы қауым мен облыс әкімдігінің өкілдері, жергілікті ақын-жазушылар қатысып, Сәкен Нұрмақұлы туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, мектеп ұжымы мен музей жұмысына игі тілектерін жеткізді, –дейді мектеп-лицейдің директоры Баян Сәрсембаева.
Жазушының өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттай отырып, жастарды халқына қызмет етуге, өздерінің ана тілі мен әдебиетін сүюге баулитын музейге бүгінде Арайлым Мұқышева жетекшілік етеді. Бізді музейдегі жәдігерлермен аталмыш оқу ордасының 9 сынып оқушылары Нарғыз Сейілбек пен Айша Шәріп таныстырды.
Музей кабинетіне бас сұға қалсаңыз, бірінші экспозицияда Сәкен серінің жеті атасының шежіресі мен ата-анасы Нұрмақ Жүнісұлы мен Мағрипа Мұхаметәліқызының және жазушының портреттеріне көзіңіз түседі. Ұйымдастырушылар «Жеті атасын білген ер – жеті жұрттың қамын жер» деген дана халқымыздың аталы сөзіне сүйеніп, қарымды қаламгердің ата-бабасының шежіресін қойыпты. Бұл экспозицияны жазушының көзі тірісінде қолына ұстаған таспиығы мен Құран Кәрім кітабы толықтырып, қаламгердің рухани-имани құндылықтарды жоғары бағаландығын айқындап тұрғандай.
Келесі экспозицияда қарымды қаламгер мен оның өмірлік жары Маринаның портреттері, отбасылық фотосуреттері орналастырылған. Олар өмірге 3 перзент әкеліп, тәрбиелеген жандар.
Жәдігерлер арасында Сәкен серінің асқаралы алпыс жасқа толған мерейтойына өзімен сыйлас болған торғайлық азаматтардың сыйлаған өз портреті бейнеленген тоқыма кілемі ілінген. Одан сәл төменірек ағамыз қолданған, халық әндері мен классикалық музыкаға ден қойған магнитофоны мен төрткүл дүниенің жаңалығына қанықтырған теледидары тұр. Сонымен қатар, музейде Сәкен серінің отбасылық архивтен алынған естелік суреттері, қыздары мен ұлы Жанботамен, Жүнісовтер әулетімен, туған-туыс, бауырларымен, сыныптастарымен, курстастарымен, нағашыларымен, көкшелік зиялы қауым өкілдерімен, мемлекет басындағы белгілі тұлғалармен түскен бейнесуреттер көптеп орын алыпты. Фотосуреттер арасында жазушының театр сахналарында қойылған пьесаларынан түсірілген эпизод-естеліктер де менмұндалайды.
Экспозициялардың бірінде халық өмірінің көркем шежірешісі – Сәкен Жүнісовтің өзінің 60 жылдық мерейтойында киген классикалық костюм-шалбары, қолтырауын былғарысынан жасалған туфлиі мен белбеуі тұр. Бұл жәдігерлердің тұрпатына қарап-ақ жазушы талғамының жоғарылығына, сырбаздығы мен сері деген атаққа лайықты жүргеніне көзің жете түседі. Аталмыш жәдігерлерді мектеп музейіне Көкшетаудағы әдебиет және өнер музейі тапсырған екен.
Жазушының ең алғаш жарық көрген кітаптары балаларға арналған болатын. Осы ретте балалар мен жасөспірімдерге шығарған кітаптары «Әже мен емші және дәрігер», «Сонарда» туындылары музей төрінен ерекше орын алған.
Қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздары, қаламдас ағалары, ұстаздары Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің суреттері де олардың жазушының өмірінде айтулы орын алғанын аңғартады. Мәселен, Сәкен Жүнісов Алматыда аспирантурада Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен оқиды. Ал, Ғабит Мүсірепов жазушыға сері атағын берген тілеулес жанашыры еді. Бірде ол Сәкен Нұрмақұлына мен «Ақан сері-Ақтоқтыны» жаздым, сен «Ақан серіні» танытып жазшы деп қолқа салып, оған зор сенім артыпты. Белгілі болғанындай, Сәкен сері ағасының үмітін ақтап, «Ақан сері» роман дилогиясын ойдағыдай жазып шығады. Сонымен бірге, бұл бұрышта Ғабеңнің жазушы інісіне жазған хаты да тұр.
Сәкен ағамыздың жаңа туындысы жарыққа шыға қалса оған халық жан-жақтан толассыз хаттар жаудырады екен. Сол хаттардың бір парасының түпнұсқалары музей сөресінде сайрап жатыр. Сонымен бірге, Сәкен Нұрмақұлының түрлі мерейтойларға қатысқандығын дәлелдейтін құжаттар да тізіліпті.
Жазушының жұмыс кабинетіне лайықталып жасалған бұрыш көрген адамға ерекше толқынысты бір әсер қалдырады. Кабинеттегі қаламгердің М-12 жазу машинасы мен жұмыс үстелі, отырған орындығы, иығына жамылған қазақы шапаны мен телефоны, пальтосы мен бас киімі, ұстаған былғары қара портфелі көзге жылы ұшырайды. Жұмыс кабинетіне орналастырылған кітап сөресінде жазушының осы күнге дейін сақталып келген жеке кітапхана қорының жартысына жуығы тұр. Осы жерде бір айта кетерлігі, жарты ғасырға жуық шығармашылық өмірінде жарыққа шығарған туындыларын теріп, жазған М-12 машинасын музейге Сәкен Жүнісовтің қызы Гүлмира табыстапты. Сөз зергері бұл теру машинкасында елін, жерін, ұлтының рухын қорғау жолында сүбелі ойларын айтқан шоқтығы биік туындыларын – «Жапандағы жалғыз үй» романын, «Аманай мен Заманай» повесін, «Ақан сері» роман-дилогиясын, «Ажар мен Ажал», «Жаралы гүлдер» секілді пьесаларын жазған деседі. Өзі айтпақшы, таңды таңға ұластырып жазғанда «бүкіл әлем оның алақанында» болатындай, сол жазу үстелінің жанында отырған бейнесі еріксіз көз алдыңа келеді…
2022 жылы аталмыш мектептің оқушысы Нарғыз Сейілбек қарымды қаламгердің қаншама шығармаларын дүниеге әкелген М-12 машинкасын таныстырған «Уақыт – байланыстырушы желі» атты шығармасымен «Бір жәдігердің тарихы» номинациясы бойынша қалалық және облыстық байқаулардан І орынды иеленіпті.
–Сәкен ағамыздың өмірінде тұтынған заттары мен бұйымдарын, музейдің әр жәдігерін көзіміздің қарашығындай сақтауға тырысамыз, – деген жасөспірімдердің сөзі жүрекке жылы тиіп, көңіл толқытады екен…
Бұл музей жұмысынан басқа Сәкен сері ағамыздың есімі берілген мектепте оның өнегелі өмір жолы мен шалқар шығармашылығын насихаттау барысында қандай шаралар атқарылып жатқаны туралы да сұрап білдік.
– 2017 жылдан бастап мектепте жыл сайын жоспарлы түрде Сәкен сері Жүнісовке арналған айлық ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, сынып сағаттары, музей сабақтары, ұстаздар арасындағы жыр кештері, ғылыми-практикалық конференциялар өткізіп, қарымды қаламгерді көзі көрген жазушылар арасында сұхбаттар жүргізу арқылы оқушыларға Халық жазушысының ғұмыры мен шығармашылық жолын насихаттап, үлгі-өнеге етіп келеміз. Алдағы уақытта музей жұмысын жандандыру үшін қала мектептерінің жоғары сынып оқушыларын, жоғары оқу орындарының филология факультетінде оқитын студенттерін шақырып, іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлаудамыз, – дейді бұл ретте, музейдің қазіргі жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арайлым Серікжанқызы.
Қаламгердің биылғы 90 жылдық мерейтойы аясында мектепте «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары – Сәкен сері», «Сері Сәкен» «Ел Сәкен сері жайында», «Кімнің мекені жақсы?» деген тақырыптармен әр түрлі формадағы іс-шаралар, шығармаларынан үзінділер алып, қойылымдар қою тәрізді байқаулар, зияткерлік жарыстар өтпекші.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.