Облыста қызылша жұқпасы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина баяндады.
Елімізде қызылша дертіне шалдығу бойынша жағдай ушыға түскені белгілі. Өткен жылы қызылша жұқтырды деген болжаммен 68 мыңнан астам жағдай тіркеліп, оның 30 мыңға жуығы зертханалық жолмен расталды. Ақмола облысы сырқаттанушылықтың өсуі бойынша 6-шы орында тұр, дәлірек айтқанда, былтыр өңірде қызылша жұқтырудың 379 оқиғасы анықталды.
− Желтоқсан айында аймақта қызылшаның 220-дан астам жағдайы тіркелді. Бұл қараша айымен салыстырғанда 2,3 есеге көп. Науқастардың 80 пайызы, яғни 178-і 14 жасқа дейінгі балалар. Дертке шалдыққандардың 172-сі қызылшаға қарсы екпе алмағандар, –деді облыстық санитарлық және эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.
Мамандар облыс орталығынан бөлек ең көп сырқаттану көрсеткіші елордаға жақын орналасқан аудандарда орын алып жатқандығын алға тартуда.
Қызылшаға қарсы иммундау 2019 жылы жүргізілген болатын. Оның нәтижесінде жұқпаның өршуі төмендеді. Осыған орай, өткен жылдың қараша айынан бастап 22 мыңға жуық адам вакцинацияланды. Бүгінде дәрігерлер ата-аналарды балаларына жоспарлы және қосымша екпе алудан бас тартпауға шақырады. Себебі, жұқпалы індеттен тек вакцина ғана сақтайды.
Бүгінгі таңда, қызылшаға қарсы екпе егу пункттері демалыссыз жұмыс істеуде. Тіпті, ауа-райының қолайсыздығына байланысты әкімдіктер балаларды емханаларға тасымалдау үшін автокөліктер де бөлген. Ал кей ұжымдарда арнайы мобильді топ ұйымдастырылған.
Қызылшаға қарсы екпе егу бойынша бұлай қабылданған барлық шаралар қауіпті инфекцияның облыста ғана емес, бүкіл ел бойынша таралуына тосқауыл қоюды көздейді.