spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-5.8 C
Kokshetau

Электр қуатымен жабдықтау – қысы-жазы басты міндет

Сондай-ақ...оқыңыз

Кеше облыс әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен кеңесте Ақмола облысын электр қуатымен жабдықтау мәселесі қарастырылып, халық тарапынан туындап жатқан өзекті жағдайлар талқыланды.

Кеңеске облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, аудандар мен қалалардың әкімдері, энергия қуатын беруші ұйымдардың, мүдделі департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты.

Өңірдегі өте өзекті мәселелердің бірі – тұрғындарды электр қуатымен үздіксіз қамту жайы. Облыс аумағындағы электр жүйесінің басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған. Тиісті нормативтік құжаттарға сәйкес олардың пайдалану уақыты да жетіп, бүгінде 70 пайызы тозған. Осыған орай, ақмолалықтар тарапынан энергия қуатының жиі сөндірілуіне байланысты арыз-шағымдар көбейген. Жел соқса, қатты жауын болса, яғни, қолайсыз ауа райы туа қалса, біздің электр жүйелері шыдас бермей, істен шыға бастайды.

–Халыққа электр қуатын үздіксіз беру – біздің басты міндетіміз. Қарап отырсақ, соңғы жылдары электр қуатына деген әлеуметтік жүктеме артып, технологиялық бұзушылықтар көбейген. Тұрғындар тарапынан электр қуатының өшіп қала беретіндігіне байланысты арыз-шағымдар көптеп түсуде. Күн сайын кем дегенде 7 шағым аламыз. Соңғы үш айда электр қуатының жеткіліксіздігіне байланысты БАҚ беттерінде 250-ден астам жағымсыз материалдар жарық көрді, –дей келе, облыс әкімі былтырдан бері электр желілерінің апаттылығына қатысты төтенше жағдай режимінде жұмыс істеп, салдарын қалпына келтіріп жатқан Зеренді ауданында бұл мәселенің әбден ушығып тұрғанын айтты. Электр жүйесінің тозығы жетіп, істен шыға берсе, халықтың да наразылығы артатыны белгілі жай. Сонымен бірге, электрмен жабдықтау Астанаға жақын елді мекендердің де тұрғындарының да көкейтесті мәселесі.

Жалпы, облысты бұл тіршілік көзімен 9 энергия беруші ұйым айналысып отыр. Олардың ішіндегі ең ірілері «АРЭК» акционерлік қоғамы мен «Көкшетау Энерго» серіктестігі. Олардың қызмет көрсетіп отырған аумақтарындағы электр жүйелері 65 және 79 пайызға тозған.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев.

–Алғашқысы облыстың 4 өңірін электр қуатымен жабдықтаса, соңғысы 15 ауданды қамтиды. «АРЭК» акционерлік қоғамы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындап, 2030 жылға дейін облыстағы электр жүйелерін 15 пайызға жаңарту үшін кем дегенде жыл сайын 10-15 миллиард теңгеден ақша салып отыруы тиіс. Ал, мұндай мүмкіндік оларда жоқ, –деп басқарма, халыққа электр энергиясын жеткізіп, тарататын подстанциялардағы жағдайды, олардағы энергия бөлетін желілерді ретке келтіру, сақиналау қажеттілігі, Астана маңындағы аудандардағы қуат көзінің жетіспеушілігінің себеп-салдары секілді мәселелерді баяндады.

«Көкшетау-Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Досымхан Аралбаев кеңесте облыс аумағында өршіп тұрған энергия қуаты мәселесінің жетіспеушілігін шешудің бірнеше жолдарын айтып, осы саланың білгірі ретінде ұтымды ұсыныстарын жеткізді, алдын ала жасаған жобаларын көрсетті. Бұл орайда, аймақ басшысы салалық министрлікпен және «KEGOC» АҚ-ның басшылығын және осы саланың қыр-сырын меңгерген өңірдегі білікті мамандарды шақырып, тағы бір кеңес өткізіп, бірлескен кешенді жоспар құрылу қажеттігіне тоқталды.

Кеңес барысында Д.Қуанышбаев келесі жылдан бастап энергиямен жабдықтау қызметтерін сатып алу бойынша заңнамалық деңгейде мәселелер туындауы мүмкіндігін еске салды. Мәселен, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап электр энергиясын бір көзден сатып алу мүмкіндігін болдырмайтын өзгерістер күшіне енеді.

–Осы өзгерістің себебінен барлық бюджеттік ұйымдар мемлекеттік сатып алу порталында конкурстық рәсімдерді өткізуге кірісіп, оның салдарынан бұл сатып алу рәсімі аяқталғанға дейін барлық бюджеттік ұйымдар энергиясыз қалуы ықтимал, –деп түсіндірді мән-жайды басқарма басшысы. Егер бюджеттік ұйымдар өзге энергиямен жабдықтау ұйымдарына өтсе, жеке тұлғалардың тарифтері өсіп кетуі мүмкін. Себебі, олардың тарифтері бюджеттік ұйымдарға қойылатын тарифтің көтеріңкі болуымен ақталып келіпті.

Аймақ басшысы энергия көзімен қамту ашық бәсеке алаңына шығарылса, тұрғындарды энергиямен қамту жағынан қиындық туындамаса болды, тендер өткізілгенше, бюджеттік ұйымдар екі айдай уақыт бір көзден алуға болатынын, егер бұл заң күшіне еніп, азаматтардың құқығын шектейтін болса, оны тоқтату туралы Конституциялық кеңеске хат жолдап, тиімсіздігін түсіндіріп, тиісті шараларды қолға алу қажеттігін жеткізді.

Кеңес барысында Целиноград, Зеренді, Аршалы аудандарының әкімдері электр энергиясымен жабдықтау бойынша туындап жатқан өзекті мәселелерді қалай шешіп жатқандығы бойынша есеп берді. Сонымен бірге, облыс әкімі аудандар мен қалаларда, әсіресе, облыс орталығында инфрақұрылымды дамытып, сумен, электрмен және жылумен жабдықтау жүйелерін дұрыс жолға қоймайынша, жаңа тұрғын үй құрылыстарын жоспарламауды тапсырды. Бұған қоса, аудан басшыларына ағымдағы жылы жоспарланған электрмен жабдықтау желілерін беру жоспарын орындамағаны үшін лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыруды,  2023 жылғы 29 желтоқсанға дейін құқықтық құжаттарды қалпына келтіруді аяқтауды, 2024 жылғы 31 қаңтарға дейін Энергия ғылыми-зерттеу және жобалау-іздестіру институтымен бірлесіп, электрмен жабдықтау сұлбаларын әзірлеуге арналған техникалық тапсырмаларды пысықтауды тапсырды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img