Облыстық мәслихаттың жетінші кезекті сессиясы қарсаңындағы депутаттық сағат барысында келесі жылдың бюджет жобасына егжей-тегжейлі талдау жүргізілді.
Отырысты ашқан мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов қатысушыларға ағымдағы жылдың қазан айында депутаттар барлық қалалар мен аудандар, сондай-ақ облыстық ведомстволар бюджеттерінің жобаларын тыңдағанын еске салды. Жалпы, өңірлер қаржыландыру үшін 514 млрд теңгеге 1000-нан астам жобаны мәлімдеген.
Депутаттар экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шұғырмақованың баяндамасынан қандай жобалар қолдау тапқанын білді. Оның айтуынша, барлық деңгейдегі депутаттардан жыл ішінде шамамен 290 млн теңгеге 518 өтінім түскен. Алайда, облыстық бюджеттің шектеулі болуына байланысты барлық өтінімдерді қолдау мүмкін емес. Ұлттық экономика министрлігі республикалық трансферттер бірінші кезекте осы жылдан ауысатын жобаларға бөлінетінін ескерткендіктен, жаңа өтінімдер әзірше қабылданбайды. Сондықтан облыс әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша 2023-2025 жылдарға арналған бюджет жобасы осы факторлардың барлығын ескере отырып қалыптастырылды.
Соған қарамастан, халық қалаулылары депутаттық сағат алаңын пайдалана отырып, ауылдастарының өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін көптеген өзекті мәселелерді көтерді. Олар бойынша облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов, А.Шұғырмақова, сондай-ақ бейінді басқармалардың басшылары өз түсініктемелерін берді.
Сондай-ақ, депутаттар Ақмола облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына енгізу үшін ұсынылып отырған өзгерістерді талқылады. Астана агломерациясын дамытудың Кешенді жоспарының жобасы да көптеген сұрақтарды тудырды. Халық қалаулылары сессияда құжатты қабылдау кезінде ескерілетін бірқатар ұсыныстар мен ескертулерді енгізді.
Әкімдік жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың дербес құрамдарын өзгерту жөніндегі шешімдердің жобалары, сондай-ақ мәслихат қызметіне қатысты ұйымдастырушылық мәселелер қаралды.