«Биыл 1 қазанға дейін елімізде 78,5 мың орындық 77 мектеп ашылды. Осы жылдың соңына дейін түрлі қаржы көздері есебінен 137,7 мың орынға арналған 165 мектепті, оның ішінде «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры есебінен 77 мың орындық 62 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл өз кезегінде 12 апатты және 29 үш ауысымдық мектептің мәселесін және 113 ауылдық елді мекендердегі мектеп тапшылығын шешуге ықпал етеді», – деп мәлім етту сала басшысы.
Сондай-ақ, министр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 217 мектептің құрылысын бастау көзделгенін жеткізді. Оның айтуынша, аталған жоба аясында елімізде алдағы екі жылда барлығы 740 мың орындық 369 жайлы мектеп салу жоспарланған.
Қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының алшақтығын қысқарту жағы да министрліктің назарында. Бұл мақсатта 1000 ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
«Бүгінде 900-ге жуық мектепті жаңғырту аяқталды. Сонымен қатар робот техникасы, СТЕМ, химия, физика, биология пәндерінен 1000 заманауи кабинет ашу жұмыстары жүргізілуде. Қазір 958 мектеп заманауи кабинеттермен жабдықталған. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін толық орындалатын болады», – деп нақтылады министр.
Оқулықтарды цифрлық форматқа көшіру жыл басынан бері 80%-дан 93%-ға дейін артты. Бұл шара да инновациялық әдістерді пайдалана отырып ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты жоюды көздейді, деді сала басшысы.