Мемлекет басшысы Франция Президентінің Астанаға алғашқы сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытуға тың серпін беретінін және көпжақты ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік жасайтынын атап өтті.
– Франция – Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Былтыр өзара тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 4 миллиард долларға жетті. Биылғы сегіз айда екіжақты сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға артты, яғни 2,7 миллиард долларды құрады, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Франция бұған дейін ел экономикасына шамамен 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Энергетика, құрылыс, аэроғарыш, фармацевтика, тау-кен және химия өнеркәсібі, машина жасау салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронның өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға қосқан жеке үлесін ерекше атап өтіп, екі ел халықтарының игілігі жолындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға Қазақстанның дайын екенін жеткізді.
Келіссөз барысында тараптар жасыл энергетика, логистика, транзит, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрландыру және білім беру салаларындағы алдағы ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындады.
Мемлекет басшысы мәдени байланыстарды дамытуға ерекше назар аударып, француз мәдениеті мен тілін Қазақстанда ілгерілету қажет екенін айтты.
Өз кезегінде Эмманюэль Макрон екі ел арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімнің қабылданғанына 15 жыл толғанын атап өтіп, Францияның өзара мүддені көздейтін түрлі саладағы екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.
– Екіжақты экономикалық қарым-қатынастар, соның ішінде ауыл шаруашылығы, энергетика, жаңартылатын энергетика салаларындағы байланыстар алдағы уақытта тың серпінмен дамиды деп ойлаймын. Біз бұрынғы жобаларға да, жаңа бастамаларға да инвестиция салуды қолдаймыз. Бүгін өте өзекті мәселелерді талқыладық. Бұдан бөлек мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыз да қарқынды дамып келеді. Білім-ғылым салаларында нақты келісім бар. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақ-француз университеті өз жұмысын бастайды, – деді Франция Президенті.
Сонымен қатар екі ел басшылары өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты тұрақты қарым-қатынастың маңыздылығына назар аударып, халықаралық ұйымдар аясындағы диалогты тереңдету қажет екенін атап өтті.