Елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін мәселені шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарының жобасын әзірлеп, Үкіметте таныстырды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, бүгінде Қазақстанның тұқым шаруашылығы жүйесі бұзылған, салада жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар бөлшектеніп кетті.
«Қазақстанның жүгері, жеміс-жидек, жаңғақ, күздік қара бидай, көкөніс, бақша, картоп тұқымы және қант қызылшасы сияқты дақылдар бойынша импортқа тәуелділігі жоғары. Бұл өнімдер бойынша отандық селекцияның тұқыммен қамтамасыз етілуі 10%-дан да аз. Құбылмалы климаттық жағдайларда отандық селекция және тұқым шаруашылығы жүйесі фермерлерді ауруға және стресстік жағдайларға төзімді сорттармен қамтамасыз ете алмайды», — деді Ербол Тасжүреков.
Тағы бір маңызды мәселе – селекция және тұқым шаруашылығы саласындағы кадрларды даярлау мен жаңарту деңгейі өте төмен. Жас мамандар тапшы, селекционерлердің орташа жасы 61-де.
Қазақстанның селекция мен тұқым шаруашылығын дамытуға мүмкіндігі мол. Қолайлы табиғи-климаттық жағдай, суармалы жерлер, ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымдарының экспорттық нарықтарының жақындығы – еліміздің бәсекелестіктегі басты артықшылықтары.
Жинақталған мәселелерді шешу үшін кешенді жоспар құрылды. Құжатқа аграрлық университеттердің зертханалық базасын заманауи жабдықтармен жарақтандыру, кадрлар мен жас мамандарды даярлау, негізгі дақылдардың сорттары мен будандарын өсіру бойынша шетелдік ғылыми институттармен Ұлттық ғылыми білім беру орталығының бірлескен жұмысы, ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің ұлттық генофондын, тұқымдар мен отырғызу материалдарын қадағалаудың цифрлық платформасын құру және басқа да 15 іс-шара қамтылады.
Сонымен қатар аграрлық ғылым жүйесін реформалау, атап айтқанда, Ұлттық ғылыми білім беру орталығын Агротехнологиялық хабқа айналдыру жұмыстары басталды.
Бұл жұмыстарды іске асырудан күтілетін нәтиже – аграрлық секторды отандық селекцияның бәсекеге қабілетті тұқымдары мен отырғызу материалының қажетті көлемімен қамтамасыз ету және шетелдік тұқым импортына тәуелділікті төмендету.
Кешенді жоспар жобасын таныстыру қорытындысы бойынша барлық енгізілген іс-шараларды егжей-тегжейлі талқылау үшін ғылыми-зерттеу институттарының басшыларымен, селекция және тұқым шаруашылығы саласындағы жетекші қазақстандық ғалымдармен кездесу ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.