Көкшетауда Республика күніне және ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы, дипломат Абылай ханның 310 жылдығына арналған «Азат рухтың Абылай ханы» республикалық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды Kazinform.
Ұлттық өнерді насихаттап, оның дамуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету, сондай-ақ, талантты, дарынды жас ақындардың шеберлігін шыңдауға, көпшілікке танылуына мүмкіндік жасауға бағытталған айтысқа Астана қаласы және Қостанай, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Түркістан, Ақмола облыстарынан суырып салма 12 айтыскер ақын қатысып, бақ сынады.
Айтысты Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, Жазушылар одағының мүшесі, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Құдайберлі Мырзабек жүргізіп отырды.
— Бүгінгі жыр додамыз Республика күніне және Абылай ханның 310 жылдығына арналып отыр. Мұндағы басты міндет — Тәуелсіздіктің маңызын, саяси тұрақтылықты ұтқыр оймен жеткізе білу, суырып салып, табан астында тауып айтып, сөз өнерінің інжу-маржанын төгілдіру, дарынды ақындарды қолдау, — дейді айтысың ұйымдастырушысы Ақмола облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығының директоры Асхат Магавин.
Ақындарының шеберлігіне Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, ақын, халықаралық, республикалық айтыстардың жеңімпазы Дәулеткерей Кәпұлы (қазылар алқасының төрағасы), айтыскер, жазушы, танымал ақын Арман Бердалин, ақын, журналист, Жазушылар одағының мүшесі Алмас Темірбай қазылық етті.
Сайыс қорытындысы бойынша Бас жүлдеге ақмолалық Ерлан Дәулет лайық деп танылып, 1 млн теңгенің ақшалай сертификатына ие болды.
Ал жүлделі бірінші орын және 800 мың теңгенің ақшалай сертификатына Қызылорда облысынан келген ақын Мұхтар Ниязов, екінші орын және 500 мың теңгенің ақшалай сертификатына астаналық Иранғайып Күзембаев, үшінші орын және 300 мың теңгенің ақшалай сертификатына тағы бір ақмолалық Құрмет Құралхан лайық деп танылды.
Сонымен бірге байқауға қатысқан өзге де ақындар арнайы диплом және 100 мың теңгенің ақшалай сертификатын алды.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында Республика күніне орай бір топ кітапханашы марапатталғанын жазған едік.