Тілді өркендету – баршаның ісі. Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте біздің мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы басым. Мемлекет басшысы жыл сайынғы халыққа жолдауында да басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға бысты назарда ұстап келеді. Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту еліміздің саясатының басты басымдығы болып қала береді. Қоғамда, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі қоғамымызда жастардың белсенділігі жоғары. Жастарға баса назар аудару арқылы тіл саясатын жүргізу мол жемісін береді деп ойлаймын.
«Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деп Ғ.Мүсірепов айтқандай елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті. Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ақпараттық кеңістігін әлемдік стандарттарға сай кеңейте отырып, мемлекеттік тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір нысаны ретінде жетілдіруді және қорғауды қамтамасыз еткеніміз абзал.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері төл тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Қазіргі таңда өнер, әдебиет, мәдениет, баспасөз, радио, теледидарымыз 90-жылдарға қарағанда әлдеқайда «қазақша сайрап тұр» десек болады.
1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы қабылданды. Жалпы тіл мәселесі әлі күнге дейін өзекті мәселе мінберінен түскен емес, дегенмен ресми деректер қазақ тілінің қолданыс аясы біршама кеңейген деген мәлімет береді. Халықтың 80 пайызы қазақша біледі.
Ресми мәліметтерде 1991 жылы елімізде қазақша сөйлейтін халықтың үлесі 37 пайыз болған деп көрсетілген. 2015 жылы бұл көрсеткіш 76,3 пайызға өссе, 2019 жылдың соңына дейін 80,1 пайызға жеткен. Ал қазір қазақша білетін ел халқының үлесі – 82,3 пайыз. Өзге ұлт өкілдері ішінде елде тұратын өзбектердің 72 пайызы, ұйғырлардың 71,7 пайызы, тәжіктердің 63,6 пайызы қазақ тілін біледі екен. Сонымен қатар еліміздегі әрбір төртінші неміс (25,2 пайыз), орыс (25,1 пайыз) және украин (23,7 пайыз) қазақ тілін меңгерген. Бұл біздің мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің асқақтағаны, бұл осы уақытқа дейін барлық мүмкін болар оңды-солды жағдайды жете бағамдай отырып жүргізілген мемлекеттік тіл саясатының нәтижесі.
Қазақстандағы тіл саясатының көпұлтты мемлекетіміздің тұрақты дамуына ізгілікті қызмет етіп отырғандығы қуантады. Сонымен бірге әр ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге талпынуы қуантатын жағдай.
«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген Б.Момышұлы. Ана тілімізді құрметтеп, сүйе білейік! Мемлекеттік тілде көп оқып, бір-бірімізбен қазақша сөйлесейік! Бүгінгі ұрпақ ана тіліне жетік, білімді, мәдениетті болуы шарт!
Ақмола облысынының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маман – сот отырысының хатшысы Исакова Асемгуль Жумабековна