Күркiреп өткен кешегі соғыстың мәңгi ұмытылмас, жаныңды мәңгi сыздатар қасiретi бар екен. Мен осы бiр қасiреттi жастайымнан сезiп өстiм. Көктем шығып, 9 мамырдағы Ұлы Жеңiс мейрамы жақындаған сайын әкем көп күрсiнетін де, ақыр соңында төсек тартып, жатып қалатын. Қайран әкем үшін қанды майдан даласындағы қырғыннан оралмаған өзiнiң төрт бiрдей туған бауыры – екі ағасы мен екі інісінің қайғысы мен қасiретiн көтеру, әрине, оңай болмағаны анық.
– Барып дұға қылайын десем, қабірі жоқ, оқиын десем, хаты жоқ бауырларымның, – деп егiлетiн қайран әкем. Жеңiс күнi әкемiзбен бiрге бiз де егiлетiнбiз, бiз де күрсінетінбіз. Соғыс даласынан қайтпай қалған әкемнiң екi ағасы Мұқаметқали мен Нұрғали, екi iнiсi Нәбiғали мен Қинаятқали Жұмжұмаұлдарын iздестiрiп, солар жайлы деректер жинауға әкемнiң осы бір жан күйзелiсi әсер еткен едi. Бiр қызығы, осы ағалардың қазасы жайында елге бiрде-бiр «қаралы қағаз» келмеген көрiнедi.
– Олар тiрi, келiп қалады. Мен өліп қалып, олар үйге келіп қалса, сендер танымай қалып жүрер ме екенсіңдер?!» – деп әкем ауыр күрсініп бізге осыны айтатын да, екі ағасы мен екі інісінің түр-түсін, біздің қайсымыздың солардың қайсысына ұқсайтындығымызды көзi жұмылғанша санамызға сіңірумен болды. Өз бауырларын тiрiлер қатарында санап, жыл сайын төртеуiне тиесiлi пiтiр садақасын да өзi берiп жүретiн. Енді ойлап отырсам, әкем өз бауырлары өзі жоқта келіп қалса, біз танымай қала ма деп алаңдаған да екен-ау!
Ағалар жайлы нақтылы бiр дерек болмағаннан кейін сол кездегі Кеңестер Одағының Қорғаныс министрлiгiнiң Орталық архивiне сұрау салып хат жазуға тура келдi. 1983 жылдың 21 сәуiрінде Орталық архивтен алынған №85359 жауапта 1904 жылы туған қатардағы жауынгер Мұқаметқали Жұмжұмаұлы 1942 жылдың шiлде айында, 1906 жылы туған Нұрғали 1942 жылдың қазан, 1916 жылы туған Нәбiғали 1943 жылдың қараша, ал 1919 жылы туған Қинаятқали 1943 жылдың наурыз айларында хабарсыз кеткендігі жазылыпты.
Міне, бір үйдің төрт бірдей азаматының және әкемнің төрт бірдей бауырының, менің ағаларымның тағдыры осылай болған екен. Қорғаныс министрлiгiнен алынған осы бiр жан сыздатар қаралы хабарды әкеме айта алмадым. Бұл жайында әкем мүлдем бiлмей өттi дүниеден. Әкемнiң «олар тiрi, келедi әлi, мен жоқта келiп қалса, танымай да қаласыңдар-ау» деп отырар тәттi бiр соңғы үмiтiн үзгiм келмедi. Өмiрдiң түрлi-түрлi қасiретiнен онсыз да мұқалып жүрген әрi өзiнiң төрт бiрдей туған бауырын зарыға тосқан әке жаны күйзелмесе екен дедiм.
Әкемнің төрт бірдей бауырларының, біздің үйдің төрт бірдей арыстай-арыс¬тай азаматтарының осы бір «хабарсыз кеткендіктері» бір кездегі біздің қасиетті шаңырағымыздың кейінгі қасіреті де болып, ең аяғы соғыстан кейін туған біздің де тағдырымызды мұздатқандықтары аз болмады.
Соғыстан қайтпай жүрген ағала¬рымның туған елдегi, туған топырақтағы iзi өшпесiн деген ниетпен әке қабырының басына орнатылған құлпытасқа да төрт ағаларымның аттарын, Қорғаныс министрлiгiнiң архивiнен алдырған анықтама бойынша туған және соғыста хабарсыз кеткен жылдарын тасқа қашап, жазғызып қойдым.
Дүние дөңгеленiп, шыр айналып тұрған сәтте соғыс салған жара талайлардың жа¬нын сыздатар әлi. Майдан даласынан қайтпай жүрген қайран ағаларым, сендердiң жүрегiмдегi де, өмiрімдегi де орындарың мәңгiлiк толар емес. Бәлкiм, ол менiң жанымның жазылмас мәңгі жарасы, айықпас мұңы мен сағынышы болып қалатын да шығар. Дүние-ай, шіркін!..
Жабал ЕРҒАЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі.