Денсаулық сақтау министрлігі елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты 19 наурыз – сайлау күнінде бірқатар сақтық іс-шарасын ұстануға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта қызылшаға шалдығу үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Осы жылдың басынан бері қызылша күдігімен 56 жағдай тіркелді. Оның ішінде бүгінде зертханалық расталғаны – 20 жағдай. 20 жағдайға зерттеу жалғасып жатыр. Қызылша жоғары сезімталдықпен сипатталады. Ауа-тамшы жолымен беріледі және егілмеген адамдарға 100 пайыз қауіп төндіреді», – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Оның атап өтуінше, сайлаудың жаңа форматына сәйкес, сайлау учаскесінде бір уақытта сайлау комиссияның мүшелері, байқаушылар және сенімді адамдарды қосқанда көп адам жиналуы мүмкін.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі республикамызда қызылша, коронавирус инфекциясы бойынша ағымдағы жағдайды ескере отырып:
– үй-жайлардың бір адамға кемінде 4 шаршы метр есебімен толтырылуын;
– сайлау процесіне қатысушылардың жиналуына жол бермей, олардың ағымын реттеуді;
– үй-жайларда желдеткіш/ауа баптау жүйелерінің үзіліссіз жұмыс істеуін;
– жасанды ауа желдеткіш жүйесі болмаған жағдайда үй-жайды тұрақты түрде желдетуді;
– дауыс беру басталар алдында және қажеттілікке байланысты күні бойы үй-жайды желдетуді; – дауыс беру басталар алдында және қажеттілікке байланысты күні бойы жуу құралдарын қолдана отырып, ылғалды тазарту жүргізуді, дезинфекция жасауды қамтамасыз етуді ұсынады.
Сондай-ақ А.Есмағамбетова ел өңірлерінде ЖРВИ өршіп тұрғанын айтқан болатын. Бұдан бөлек, сайлау күні маска киіп баруға кеңес берді.