spot_img
Жұма, Қараша 22, 2024
-6.8 C
Kokshetau

Халық көкірегіне дін нұрын құйған ғұлама Науан Хазірет

Сондай-ақ...оқыңыз

Қасиетті Көкше жерінде ел бастаған көсемдер, сөз өрнектеген шешендер, ақын-жыраулар, батыр-билер, ақылгөй-даналар дүниеге келмеп пе еді! Дәл сондай тарихи тұлғалардың бірі – Наурызбай Таласұлы. Оқымысты ғұлама болғандықтан, ол әдебиетте де, халық арасында да Науан Хазірет деп аталып кеткен. Науан Хазірет – рухы биік, жан-жақты білімдар, ағартушы. Халқының қамын жеп, болашағын болжаған, оған мұсылмандықтың шапағатын жаюға бүкіл өмірін арнаған қайраткер Наурызбай Таласұлы туралы «Aqmolanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі Камила Әбделманова «Тарихыңды таны» айдарында шежіре тарқатады.

Әлемнің қай елін алып қарасақ, өзіндік бай тарихы мен мәдениеті бар. Бәріне белгілі, мемлекет алға ілгерілеп өркениеті жоғары өрлеу үшін, ондай мемлекеттің қалың жұртты артынан алып жүретін, мемлекетіне еңбегі сіңген ұлы тұлғасы болуы керек. Жалпы тарихта өткен қандай да бір ірі оқиғаны алып қарасақ, онда белгілі бір тұлғанын есімі алтын әріптермен жазылып бөлек орын аталатынын байқаймыз. Осыдан түсінетініміз, тарих болып біздің уақытқа дейін жеткен мұрағаттардың (оқиғалардың) бар болуы, адамзатқа тікелей байланысты. Басқаша айтқанда, тарихты жасайтын, оны өзгертетін, артынан естелік қалдыратын ол – адам. Еліне, жеріне аянбай қызмет етіп өткен батырлардың, ақын-жыраулардың, әкім-болыстардың, әншілердің, жазушылардың атын біліп оны тану, әрбір Қазақстан азаматының міндеті десек қателеспейміз. Бүгінге дейін тарихта XIX-XX ғасырларда өткен біршама қайраткерлердің есімдерімен таныс болдық. Солардың қатарында атақты Шәкәрімді, А.Құнанбаевті, Ы.Алтынсаринді, М.Сердалинді, Ақан серіні, С.Мұқановты, Ғ.Мүсіреповты т.б. жақсы білеміз. Тәуелсіздік алған күнімізден бастап, өзіміздің тарихымызды, мәдениетімізді, тіліміз бен дінімізді қайта қалпына келтіру мүмкіндігіне ие болдық. Жоғалтып, ұмытылып кеткен құнды дүниелерімізді жаңғырту, қазіргі күн тәртібіне енген күттірмейтін өзекті мәселелерінің біріне айналды. Солардың негізгісі: Қазақстанның тарихы, діні, дәстүрі мен мәдениеті, қоғамдық-саяси жағдайы, қайраткерлердің өмірі мен қызметтері жөнінде ғылыми зерттеулер жасау аса қажетті. Осы уақытқа дейін тарихта Қазақстанның рухани-мәдени дамуына зор үлес қосып өшпес ізін қалдырған талай майталмандарды білгенімізбен, әлі де тани алмаған тұлғалардың бар екені ақиқат. Солардың бірі XIX-XX ғасырларда өмір сүрген Наурызбай Таласұлы. Ол ел ішінде және тарихта Науан Хазрет деп танылған. Биыл Ақмола өңірі Науан Хазіреттің 180 жылдығын атап өтпек.

Таласұлы Наурызбайдың  есімі әдебиеттер мен халық ортасында Науан Хазрет ретінде танымал, кеңес үкіметі кезінде көп айтылмады, көбінде басқа бағыт ұстанған кертартпа молда ретінде сипатталды. Сонымен қатар бұл кісі қазақ даласында мұсылмандық адамгершілікті уағыздаған теолог ретінде де, қазақтардың құқығын жойып, отарлауды көздеген патша үкіметіне қарсы ашық күрескерлігімен де танымал тарихи тұлға болған.

Наурызбай Таласұлы 1843 жылы Көкшетау округі, Мезгіл болысының, Жылкелді ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Қарауыл руының Шұңғырша тармағынан тарайды. Содан бергі шығу тегі осылайша жалғасады – Шұғыл-Ақан-Құтболат-Талас-Наурызбай. Науан Хазрет 1916 жылы 73 жасында қайтыс болып, Қопа көлінің жағасындағы мұсылмандардың зиратында жерленген. Алайда, кейінгі күндерге дейін оның нақты қайтыс болған уақыты мен жері белгісіз болып келді, сондықтан да 2001 жылы Таласов Наурызбайдың оқушысының немересі ретінде Төлеген Хамзин өз қаражатымен «Науан Хазрет» атты ескерткішті зират кіреберісіне қойған. Біраз уақыт өткен соң зират басына қойған көне құлпытас жермен-жексен болып, екіге бөлінген күйінде табылған болатын. Құлпытастағы араб графикасымен жазылған жазуда былай деп жақсы оқылады: «Бұл Көкшетау шаһарының бас имамы Науан-Мұхаммед Таласұлына қойылды, 73 жасында фаниден бахиға көшті, 1916 жыл».

Профессор Қадыржан Абуев өзінің зерттеуінде: «Он бес жыл оқып, Бұхар медресесін үздік бітірген Наурызбайдың үлкен дарын иесі екендігін таныған медресе ғалымдары оны бүкіл мұсылман дінінің орталығы болған Бағдат шаһарына жібереді. Ол жерде білімін сонша тереңдеткен Наурызбайды Бұхар медресесі өз қабырғасында ұстаз етіп қалдырады. Бірақ көкшетаулық мұсылмандар қауымы Бұхарға арнайы делегация жіберіп, Солтүстік Қазақстан өңірінде мұсылмандықты уағыздайтын бірде-бір жоғары білімді имамның жоқтығын тілге тиек етіп, Наурызбайды еліне қайтаруды өтінді. Осы жағдайларды ескерген медресе басшылары көкшетаулықтардың талабын орынды деп тауып, Наурызбайды еліне қайтарады» деп көрсетеді. Бұл жөнінде Әлихан Бөкейханов былай деп жазған: «Науан 15 лет учился в Бухаре, закончил там высшую школу и сделал блестящую карьеру, исключительно благодаря своему необычайному дарованию. В Бухаре Науан занимал место преподавателя в высшей школе, откуда его вызвали кокчетавские киргизы (казахи), послав особых делегатов».

Құлпытасты қазыргі жақсы кейпіне қалпына келтірген кісі бұрын соңды кеңестік-партиялық және шаруашылық қызметінде болған, қазірде зейнеткер Раев Қаратай-қажы болатын және де «Бурабай» ұлттық паркінің директоры, Науан Хазреттің алыс туысы болып келетін Әліби Ғалымның демеушілік көмегінің арқасында қалпына келтірілді.

Наурызбай алғашқыда ауыл мектебінде оқыды, сосын Қызылжар қаласындағы медреседе оқып бітірген соң, дарынды бала ретінде Бұхарадағы Кокалташ діни семинариясына ұсынады. Біраз уақыт туған ауылында жұмыс жасап, қаражат жинап 1870 жылың басында ақыры сол діни семинарияға оқуға түседі. Жаңа оқу орында Наурызбай еңбекқорлығымен ғана танылмай, сонымен қатар барлық оқытылатын пәндерді терең игергендігімен көзге түседі. Курсты аяқтаған соң дарынды семинаршы ретінде барлық мұсылмандардың орталығы Бағдат қаласына тәжірибе алуға жолданады. Тәжірибе алмасудан оралған соң алдында оқыған діни семинарияда ұстаздыққа қалдырылады.

1886 жылы Көкшетау уезінің жұртшылығы үш адамнан тұратын делегацияны Бұхара қаласына жібереді, мақсаттары Наурызбай Таласовты туған өлкесіне қайтару болды. Көкшетаудан келген эмиссарлардың өтінішіне түсіністікпен қараған бұхарлықтар Наурызбай Таласовқа рұқсат береді. Еліне оралған Наурызбай жан-жақты білімімен келеді. Ол көне түркі, өзбек тілдерімен қатар парсы және араб тілдерін, Шығыс әдебиеттерін жақсы-жетік меңгеріп шығады, орыс және татар тілдерінде емін-еркін сөйлейді. Көрнекті дінтанушы-ғалым Наурызбай Таласов ғылыми атақ алып, халық ішінде Науан Хазрет ретінде танымал болды.

1886 ж. күзінде жұршылықтың таңдауы бойынша Науан Хазретті Көкшетау мешітінің облыстық басшы имамы ретінде таңдалып, сайланады.  Науан Хазрет халықтың рухани білім алуында көп еңбегі сіңеді, діни рәсімдерді орындауда бір жүйеге келтіріп жеңілдетеді, көрші уездердің мешіт басшылықтарымен тығыз байланысты орнатады. Оның халық арасындағы беделінің артқанын мынадай фактіден байқауға болады, оның бастамасымен және мұсылмандардың қайырымдылығы бойынша Көкшетау қаласының орталығында жаңадан мешіт бой көтереді. Мешітте неке қию рәсімдері жүргізілді, ал 1886 жылдан бастап дүниеге келген жас сәбилердің Туу туралы кітапшасын беру құзырлығын алады.  Құжатта «Уездік басшы Костырко кезінде жасалынды, және де осындай тәртіп Туполев, Коновалов, Селицкий мен Кельцев басшылардың тұсында да сақталды» деп көрсетілген.

Науан Хазрет бірінші кезекте, мешіт маңында ауылдық молдаларды қайта даярлау курстарын ұйымдастырады. Білімді бола тұра ол өз халқының терең білім алуына кіріседі, әсіресе мектеп оқушыларының білімдеріне ерекше қарады. Науан Хазрет мұсылмандардың қайырымдылық шараларан мешіт маңында медресе мен интернат ашады. Мектеп бойынша өзінің көмекшісі қылып өзінің бұрынғы оқушысы, Қотыркөл болысының тумасы Қосшығұлов Шаймерденді таңдап алады.

Сол кезде Қазақстанда мектеп-школдар мен медреселердің екі түрі болған. Мектептерде бастауыш білімдерді алған, көбінде бұнда діни кітаптарды оқуға, арифметика, оқу, араб емле жазуы және калиграфия – араб графикасындағы әріптерді дұрыс жазу сияқты оқуларды оқытқан. Әдетте мектеп-медреселер қалаларда ашылатын және де онда ауыл мектептерін бітіргендерді қабылдайтын. Науан Хазыреттің мектеп-медресесінде мұсылманша білім бергенімен қатар зайырлы білім де берілетін, мектеп оқушылары жазып оқуды, шығыс әдебиеттерін, араб және орыс графикасын да оқитын. Ең қызықтысы балалар Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, Біржан сал мен Ақан серінің әндерін шырқайтын. Медреседе араб және парсы тілдері мен Шығыс әдебиеті классиктерін игеруге көп көңіл бөлінетін. Уездік басшы тарапынан мектеп-интернатты тексеріп, іздеу жасаған кезде оқушылардан Фирдоусидің, Навоидің, Саадидің, Низамның және т.б. авторлардың кітаптары алынған.

Ата-аналар оқу орынға ақша төлемеген, медреседе қосалқы шаруашылық болған соң сенушілердің қайырымдылық шаралары бойынша сатып алынған ірілі-ұсақты малдарды өздері бағып-баптап, оларға қыстық жем-шөпті өздері дайындап отырған.  Осылайша ғасыр бұрынғы жұмыс істеген Науан Хазрет медресесі өзін-зі ақтап отырған және де жұмыс барысында білім мен еңбекті бірге ұштастырып отырған. Медреседегі ұстаздар қатарында Науан Хазрет, Шаймерден Қосшығұловпен қоса шығу тегі Ташкенттік өзбек Ингам Кари және де саяси айдауда жүрген Петр Гарлишев те болған, екеуі де қазақ тілінде еркін сөйлейтін.

Науан Хазрет медреседегі сабақтар мен уағыз жұмыстарында үнемі заманауи білім алу қажеттігі жайлы айтатын, жай ғана айтып қоймай дәстүрлі білімді жетілдіріп іс жүзінде де жүзеге асырын, исламды уағыздағанда көпшілікке түсінікті ана тілінде жүргізетін.

Ал осы тұста оларға қарсы шығып, орыс мәдениетіне құшақ жаймай, осы бір айтусыз халықты қасиет көрмеген, баласын шоқындырып, қызын орысша иландырып бара жатқан қазақ қоғамына қарсы шығып, орыс халқына ыңғай бермеген ұлы тұлға ретінде танылады.

Шығыс өркениетінің орталықтары болып саналатын Бағдат пен Бұхар жоғарғы оқу орындарын тәмәмдап елге оралғанда Науан хазірет жан-жақты білімдар, ғұлама ғалым, тәжірбиелі ұстаз болып қалыптасумен қатар жәдиттік бағытты ұстанған қоғамдық қайраткер де болып үлгерген. Міне, енді сол оқып-білгенін, өз қызметін ел игілігіне жарату, халқын отаршылдық бұғаудан азат ету жолдарын ойластырады.

Және де шәкірттерді жамалия, джұғрапия, жамиғат тауарихты оқытып, Пайғамбар, сахабалар, сол замандағы сүннилер, шииттери тарихынан басқа ұлы хакимдердің ғылымдарын үйретіп қараңғы қазаққа алғаш діни сауаттылықты ашып, білім үйретуді көздеді. Тіпті орыстанып, шоқынып бара жатқан халқы үшін, анау Түркияғада хат жолдап, әр тараптан білімге кенелудің жолын іздеген. Профессор, әдебиетші ғалым Ж. Смағұловтың «Ұлттық әдебиеттану әлемі» кітабында Науан хазірет туралы былай делінген: «Көкшетау мешітінің имамы атақты Науан хазірет (Наурызбай Паласов) пен осы мешіт жанындағы интернат мұғалімі Шаймерден Қосшығұловтың Россияның отаршылдық саясатына, діни мекемелерді, мешіттерді жауып, дін иелерінің мұсылман дінінің шариғат жолымен қызмет жасауына тиым сала бастаған жаңа тәртібіне қарсы күрес ұйымдастыру мақсатында жер-жердегі ел сыйлайтын адамдармен байланыс жасады. Бізге Ш. Қосшығұловтың Абайға жазған екі хаты белгілі. Алғашқысы – ақынның баласы Тұрағұлға беріп, ол «шылым орау» үшін болыс Р. Құдайбердинге беріп, тінткен кезде соның қалтасынан шыққан хат. Екіншісі – Абай Семейдің уезд бастығы Новроцкийдің қатысуымен Арқат почта бөлімінен алып берген хат. Абай үйін тінту – 1903 жылы болған оқиға. Науан хазірет пен Ш. Қосшығұлов бастаған адамдардың қазақтарды орыстандыру, шоқындыру саясатына қарсы іс-әрекеті ертерек басталған болуы керек. Арқада шоқындыру басталып кеткенде Науан хазіретпен бірге қарсы тұрғандардың Шаймерден Қосшығұлов. Өмірзақ Озғанбайдың кітабында былай делінеді: «Елдіктен кетіп барамыз. Дінбұзарлар келді. Жаназа шығарудың өзін поптар атқарып жатыр» деген сипатта.

Бұл мәселе әлі де өзекті болып отыр. Осы хаты үшін Науан хазірет екеуі 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Кейін алаш арыстарының араласуымен бес жылдық жаза екі жарым жылға азайтылады. Бұның бәрі мына жылдардағы қараулы оқиғасынан басталған. 1902 жылы қазақ даласында қазақтарды жаппай шоқындыру туралы қаулыға қол қойылып, бұл қаулы ісіне кірісіп кеткен. Осы кездегі қараңғы қазақтың көзін дінмен ашып, ағартушылық идеяны насихаттаған тұлғалар, дін иелері Шаймардан Қосшығұлов пен Науан хазірет Абайға хат жазады. Бұл хат Абайдың мұрағатында бар. Абайдың үйіне тінту жүргізіліп, үш ай мырза қамақта отыратыны – осы мұсылмандық қозғалысқа байланысты шаруа.

Әйгілі заңгер, Алаш арысы Жақып Ақбайдың петицияларға жазған жауаптарындағы тың деректердің бірі, сөз басында айта кеткендей «…1903 жылы Петропавл, Павлодар және Семей уездерінде белгілі-белгілі қазақтардың үйіне тінту жүргізілді. Соның барысында тартып алынған кітапханалар әлі күнге иелеріне қайтарылмай отыр. Ол ол ма, Көкшетау уезінің беделді қазақтары Наурызбай Таласов пен Шәймерден Қосшығұлов өздерінің діни сенім-нанымы үшін алғашқысы Енисей губерниясына, соңғысы Якут облысына жер аударылды» деген жолдарға зер салып көрейік. Атап айтқанда, Семей уезінде 1903 жылғы сәуірдің 25 күні Абайдың үйі тінтілген болатын. Сол жерде уезд бастығы Навроцкий акт жасап, Абайдың бір сандық қағаздарын, кітаптарын алып кетті. Кейін «Қағаздар араб әрпімен жазылған қолжазбалар, газеттер мен журналдар, кітаптар екенін және олардан үкіметке қарсы ештеңе табылмағанын» көрсеткен Омбыдағы чиновниктер сол сандықты қайтармады.

10 жылға жер аударылып кеткен Науан хазiрет 1904 жылы елге оралады. Ұлды болған қуанышты патша кешiрiм жасаған. Екi жарым жыл айдауда жүрген Шәймерденге де кешiрiм болды. Алайда, елге келген оны Тынышұлы мен Шипабекұлы Петерборға шақырып алады. 1905 жылғы «халық қалаулыларының бас қосуын шақыруға, халық мұңын айтатын арыз-тілек хаттарды (петицияларды) жазуға рұқсат берген «17 ақпан манифесі» қазақ даласында да азаттық қозғалысын өрістетті. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Тынышбаев, Ш. Қосшығұлов, Науан хазірет, Р. Марсеков, Ж. Ақбаев, О. Әлжановтардың саяси сахнаға шығуы да тікелей осы қозғалыспен байланысып жатты.

Науан хазірет асқақ тұлғасымен, ең алғашқы діни ұстаз ретінде халқының ағартушылық жолында бақытты болашағы үшін күресіп, оны оқу-білімге, жарыққа, дінге шақырып, еліме нұр шашамын деп талпынған.

 

Камила Әбделманова

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img