9-11 сынып оқушылары арасында қазақ тілі мен әдебиетінен «Абайтану» V Республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі онлайн түрінде өтті.
Ұйымдастырушы Ақмола облысы білім басқармасының «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы.
Олимпиаданың мақсаты – М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын толық меңгеру арқылы кемеңгердің ақындық болмысына үңілуге, Абайдың шығармашылық өмірінен ғибрат алып, оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Олимпиадаға өңірдің 9 ауданынан, Көкшетау және Қосшы қалаларынан, сондай-ақ, Степногорск қаласы, дарынды балаларға арналған № 4 облыстық мамандандырылған «Болашақ» мектеп-интернатынан және Щучинск қаласының «Білім-инновация» ІТ лицей-интернатынан 28 оқушы қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, олимпиада екі кезеңде өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар эссе жазды, екінші кезеңде Абай Құнанбаевтың шығармалары, сондай-ақ, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының мазмұны бойынша сұрақтарға жауап берді.
Байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, грамоталармен марапатталды.
І-дәрежелі диплом иегерлері Сьезбек Шалхар, Мұса Ұлас, Аленхан Дильназ V «Абайтану» олимпиадасының республикалық кезеңінде Ақмола облысының намысын қорғайтын болады.
Құттықтаймыз! Келесі турда сәттілік тілейміз!
Облыстық кезең жүлдегерлерінің толық тізімін Ақмола облысы білім басқармасының ресми сайтынан көре аласыздар.