Биыл Ақмола облысының тұрғындары жедел жәрдем қызметіне сирек жүгінетін болған. Жыл басынан бері өңір тұрғындары 216 мыңнан астам шұғыл көмек мамандарын шақырған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,8%- ға аз. Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының қызметі туралы оның бас дәрігері Александр Высоцкий әңгімеледі.
Облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігерінің айтуынша, бүгінде медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша қызметтерді тәулік бойы жұмыс істейтін 69 бригада бар. Оның ішінде 9 дәрігерлік және 60-ы фельдшерлік. Олар 100 пайыз санитарлық автокөлікпен және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Десе де, аймақтың тұрғындарын алаңдататын ең маңызды және өзекті мәселе-жедел медициналық көмек көрсетудің сапасы. Шағымданушылар саны да көбейіп келеді.
-Егер кенеттен диспетчерлердің бұрыс әрекетіне немесе қызмет көрсету барысындағы дөрекілікке шақым түскен жағдайда міндетті түрде талдау жасаймыз. Жалпы, шақыртудан кейін жеделдік категориясы анықталады. Бізде олардың төртеуі бар. Бірінші санат-науқастың өміріне қауіп төнген кезде және оның жету мерзімі 10 минут. Екінші санат-көмек көрсетілмеген жағдайда өміріне қауып төнуі мүмкін деген санат, оған 15 минут уақыт беріледі. Үшінші санат – денсаулыққа қауіп төнген кезде, 30 минутта жедел жәрдем тиісті орында болуы қажет. Төртінші санат – өршуі созылмалы аурулар немесе денсаулыққа қауіп төндірмейтін өткір аурулар. Бұл қоңырауға қызмет көрсетуге 1 сағат уақыт беріледі. Емханалардың өкілеттігінде төртінші санаттағы барлық шақырулар. Яғни, бұл үшін жеке қаржыландыру және кадрлар тағайындалады. Бірақ пациенттер әрқашан бір сағат күткісі келмейді, шағым білдірушілердің көбеюіне басты себеп осы. Жедел медициналық көмек көрсетудің орташа уақыты-20 минут, – деп түсіндірді облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Александр Высоцкий.
Міндетті медициналық сақтандыру қорының, медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің, пациенттерді қолдау қызметінің және басқа органдар жедел жәрдем қызметінің сапасын үнемі бақылау үстінде. Негізделген шағымдар мен анықталған бұзушылықтар орын алған жағдайда жедел жәрдем қызметкерлеріне айыппұл салынады. Аудандық ауруханасы жоқ Целиноград ауданында халыққа қызмет көрсету мәселесі белең алып отыр. Сондықтан олардың тұрғындарын Астана қаласындағы №2 көпсалалы облыстық ауруханаға жеткізуге тура келеді. Көбінесе бұл белгілі бір кідірістерге әкеледі, деп мойындайды Александр Высоцкий.
-Бұл жағдай белгілі бір мәселелерге әкелмей қоймайды. Айталық, медициналық ұйымға 7 мың адам тіркелген, іс жүзінде 18 мың адам тұрады. Мысалы, Қосшы қаласында 30 мыңға жуық адам тіркелген. Бірақ полиция мен әкімдіктің айтуынша, 70 мың халық тұрады. Жедел жәрдем қызметін қаржыландыру бекітілген халық бойынша жүргізіледі. Біз бригадаларды өзімізге бөлінетін қаражат есебінен ашамыз, – деді жедел жәрдем станциясының бас дәрігері.
Тағы бір мәселе-медициналық қызметкерлер мен жүргізушілермен қамтамасыз ету. Егер жедел жәрдем станциясы фельдшер-дәрігерлермен 88% – ға қамтамасыз етілген болса, жүргізушілер 80% – ға қамтамасыз етілген. Александр Высоцкий атап өткендей, жүргізушілер төмен жалақы мен үлкен жауапкершілікке байланысты бұл салаға келуден бас тартады. Сонымен қатар, жұмыс барысында олардың өміріне қауіп те төніп жатады. Жылына орта есеппен жедел жәрдем көліктерінің қатысуымен 4-тен 6-ға дейін жол-көлік оқиғасы орын алады және әрқайсында жедел жәрдем жүргізушілерін кінәлі деп танылатын көрінеді.
-Біз жүргізушілерді ынталандыру үшін кәсіпорын қаражаты есебінен 20% қосымша ақы төледік. Денсаулық сақтау министрлігінің медицина қызметкерлеріне жалақыны көтеру туралы хаты да бар. Бұл тек жедел жәрдемге ғана қатысты емес, – деп толықтырды Александр Высоцкий.
Халық базынасын ескерген жедел жәрдем қызметі жұмыс сапасын арттыруға көп көңіл бөліп жатқанын атап өткен жөн. Медицина қызметкерлерін шұғыл көмек көрсетудің халықаралық стандарттары бойынша 100% оқыту жүргізілді. Сондай-ақ, жүргізушілер де «қауіпсіз жүргізу» тренингіне 100% қатысып, біліктіліктерін арттырған.
Камила Әбделманова