Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен Ақмола облысына келді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқына арнаған Жолдауында айтылған міндеттердің іске асырылуының барысымен танысып, саладағы істің жайын жақсарту үшін министрлік тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
Министрдің жұмыс сапары Көкшетау қаласындағы «Қоғамдық келісім» үйінде басталды. Көпбалалы аналармен, мүмкіндігі шектеулі жандармен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, әлеуметтік еңбек қатынастары туралы айтып берді. Жиын барысында жиналған қауым министрге көкейтесті мәселелерін де ашып айтып, оларға тұшымды жауап ала алды. Жиынды Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов ашты.
Кездесу барысында Тамара Дүйсенова өзі басқаратын министрліктің халықты әлеуметтік қолдауды жақсарту шараларын көздейтін әлеуметтік кодекстің жобасын әзірлегенін хабарлады.
– Осы жұмыстың барысында сарапшылар мен азаматтық қоғамдастық тарапынан 1000-нан астам ұсыныс түсті, 50-ден астам заң мен 200 заңға тәуелді актілер жан-жақты сарапталды. Әлеуметтік кодекстің қабылдануына орай 80-нен астам заңға өзгерістер енгізілетін болады, сондай-ақ, 10 заң өзінің күшін жояды, – деді Тамара Дүйсенова.
Сонымен қатар, елімізде 1 қыркүйектен бастап әлеуметтік кодекс жобасы аясында пилоттық режимде «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылғаны туралы айтылды. Кездесу барысында министр осы жаңашылдық, атқарылып жатқан жұмыстар туралы тарқатып айтты.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған нақты міндеттерді жүзеге асыру барысында көптеген ауқымды жобалар қолға алынды. Ағымдағы жылы «Отбасылық цифрлық картасы» іске қосылды. Бұл дегеніміз, аталмыш картада белгілі бір адамның отбасы туралы барлық деректер бір жерде жинақталады деген сөз. Бұл не үшін керек? Егер отбасына қандайда бір әлеуметтік көмек қажет болса, цифрлық карта оны автоматты түрде анықтап, смс-хабарлама жібереді. Цифрлық карта республика халқын түгел қамтиды. Онда 6,5 миллион отбасы, ондағы 19,5 миллионнан астам отбасы мүшесі туралы ақпараттар жинақталған. 2023 жылғы 1 қаңтарданбастап әлеуметтік қорғау саласындағы барлық тағайындаулар мен төлемдер проактивті форматта көрсетілетін болады, – дейді Тамара Дүйсенова.
Отбасылық цифрлық карта халыққа аса тиімді болмақ. Өйткені, ол мемлекет тағайындаған жәрдемақыларды төлем алушының өтінішін күтпей беруді көздейді. Сонымен қатар, министр өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмалары мен әлеуметтік кодекс жобасын іске асыру шеңберінде бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемді төлеу мерзімін ұзарту, марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту жолымен балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту көзделіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа толғанға дейін балалардың арнайы жинақтау шоттарына аудару қарастырылғанын да баяндады.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту мәселесі де басты назарда. Елімізде 705 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың 45 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Министрдің айтуынша, арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың отбасының жұмыссыз мүшелерін әлеуметтік қызметтерге тарту жоспарлануда. Оларды тиісті еңбекақы, әлеуметтік аударымдар және еңбек өтіліндегі осы қызмет түрін ескере отырып, жеке көмекші ретінде ресімдеу мүмкіндігі беріледі. Қатысушыларға қойылатын негізгі талап, олардың осындай қызметтерді көрсету үшін тиісті дағдыларының, икемі мен біліктіліктерінің болуы қажет екендігі айтылды.
Кездесу барысында зейнетақы мәселесі де талқыланды. Қазақстанда 967 мың еңбекке қабілетті жастағы әйелдер бар, олардың 34 пайызы жұмыс істемейді. Қазақстанда 50-60 жастағы 325 мыңнан астам әйелдің табысы жоқ. Оның 46 пайызы ауылдан.
–2023 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі және ең жоғары мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру басталады. Бұл ретте жыл сайынғы өсім шамамен 13 пайызды құрайды және барлық 2,2 миллион зейнеткерге қатысты болады. Сонымен қатар, ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылатын болады, бұл зейнетақы мөлшеріне де әсер етеді. Жалпы жаңа шаралар пакеті 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға арттыруға мүмкіндік береді, – деді Тамара Дүйсенова.
Кездесу соңында жиналған қауым көкейтесті мәселелерін алға тартып, сұрақтар қойды. Жиынның соңы журналистердің брифингімен түйінделді.