Өңірде инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені қарқынды жұмыс жасап келеді. Бұл шаралар негізінен өндіріс көлемін ұлғайтуды көздейді.
«Қазіргі уақытта облыста азық-түлік саудасының барлық объектілері штаттық режимде жұмыс істейді. Негізгі тауарлардың, оның ішінде қанттың қоры жеткілікті және үнемі толықтырылып отырады. Жаппай егін жинауға байланысты көкөністердің бағасы айтарлықтай төмендеді. Пияз 23, 5% – ға сәбіз 16% – ға картоп 12% – ға қант пен тұз 4, 6% – ға арзандады», – деп мәлімдеді Ақмола облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жетекшісінің орынбасары Жаслан Айдрахманов.
Өңірде бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыс екі механизм негізінде жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұл тауарлар тұрақтандыру қорын қалыптастыру және сауда желілері мен тауар өндірушілерге 1 жылдан аспайтын мерзімге 1,10% жеңілдікпен қарыз беру. Бұл жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде және әрдайым жетекшілік ететін органдардың бақылауында.
«Тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар тауарлар жеткілікті. Қант мәселесіне қатысты дүрбелең туралы айтар болсам, қазір облыста да, елде де жағдай тұрақталды. Бұны бағаның төмендеуінен де аңғаруға болады: қыркүйек айында қанттың бағасы 4,6% – ға төмендеді. Облыс бойынша «Kokshe» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен көтерме жеткізушілердің қорында 1000 тоннадан астам қант қоры бар. Жалпы біздің облыста 1, 6 мың тонна көлемінде маңызды тауарлар қоры сақтаулы», – деп хабарлады «Kokshe» ӘКК ҰК АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Саят Сыздықов.
Спикерлердің айтуынша, бағаны ұстап тұрудың тағы бір құралы-ауылшаруашылық жәрмеңкелерін жиі өткізу. Көкшетауда облыс әкімінің тапсырмасы бойынша осы күзде жәрмеңкелер өткізіліп, жалпы сомасы 130 млн теңгеге 120 тоннадан астам тауар сатылды. Жәрмеңкелер аудан орталықтарында да өткізіледі. Жыл басынан бері барлығы 334 жәрмеңке өткізілді. Тағы үш жәрмеңке өткізу жоспарда бар .
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының және Үкіметтің тапсырмаларына сәйкес Бас прокуратурамен бірлесіп шекті сауда үстемелерін реттеу туралы заңнама нормаларының орындалуы бойынша тексерулер жүргізілуде. Себебі, сатушылар қойған баға тауар бағасының 15% -ынан аспауы тиіс. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы қала және облыс прокуратурасымен бірлесіп баға мониторингін тұрақты жүргізеді. Нәтижелер Бас прокуратураға жіберіледі. Көкшетау қаласы мен Бурабай ауданында жүргізілген мониторинг барысында 27 кәсіпкер мен 3 сауда базарларының әкімшісі жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда өңірде бағаны ұстап қалу және бақылау жұмыстары жалғасуда. Естеріңізге сала кетейік, биыл өңірлік тұрақтандыру қорына жалпы сомасы 724,4 млн. теңгеге 1958,9 тонна көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 10 атауы сатып алынды.
Камила Әбделманова