Ақмола облысында егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Аймақ диқандары алдағы аптада күзгі егін жұмыстарын бітіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Aqmola News» АА.
Ақмола облысы республиканың аграрлық саласында маңызды орын алады. Өңірдің үлесіне елдің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 8% – ы тиесілі. Жылдан жылға облыста егіс алқаптары ұлғаюда. Мәселен, биыл диқандар өткен жылмен салыстырғанда 212 мың гектарға егіс алқабын кеңейтті. Қыркүйек айының басында басталған егін жинау науқаны аяқталуға жақын. 4,4 миллион гектардан астам жерге астық жиналды, 5 миллион тоннадан астам дәнді және бұршақ дақылдары бастырылды.
«Егіс алқаптарының 96 пайызын жинадық. 200 мың гектардан астам алқапта егін жинау жұмыстарын аяқтау қалды. Егер ауа-райы қолайлы болса, аптаның соңына дейін егін жинауды аяқтаймыз. Бүгінгі таңда орташа өнімділік гектарына 11 центнерді құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Барлығы 9 мың астық жинайтын комбайн, 2,5 мың дестелегіш және 5 мың жүк көлігі жұмылдырылды. Сондай-ақ астықты элеваторлар мен астық қоймаларына жөнелту жүріп жатыр. Астықтың бір бөлігі әдеттегідей экспортқа шығарылады», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов.
380 мың гектардан астам алқапта майлы дақылдар, көкөністер мен картоп толық жиналуда. Күзгі дала жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу үшін ақмолалық шаруаларға литрі 218 теңгеден 83 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді. Дәнді дақылдарды экспорттау да жоспарлануда. Өткен жылдары өңір 20-дан астам жақын және алыс шетелдерге экспортқа 2 миллион тоннадан кем емес астық жөнелтті.
Аслан Әбутәліпов