«Маған белгiлi бiр мағынада құл емес адамды көрсетшi» деген Сенеканың сөзі еріксіз ойға оралады. Бұл сөз – құлиеленушілк заманды баяғыда артқа тастаған, қарыштап дамыған, еркіндік ғасыры – XXI ғасырға да тән ұғым. Адам бейсаналы немесе еріксіз түрде дүниенің, құндылықтың құлына айналатынын білеміз. Бірақ өз қалауынан тыс адамның құлы болуы өткеннен қалған індет емес пе?
Адам саудасы әлемнің әр елінде әртүрлі форма да жүреді. Жиі кездесетіні: жұмыс күші, жыныстық қызмет, балалар саудасы, қайыр сұрату. «Су басынан тұнады» демекші, мәселенің шешімін табу үшін себептеріне үңілуіміз қажет. Жүргізген зерттеу бойынша адам саудасының ең негізгі 6 себебі бар деп тұжырымдадық: Кедейлік – адам саудасына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. Адамдар балаларын немесе басқа отбасы мүшелерін құлдыққа сатуға мәжбүр болады. Және кедейлікте өмір сүретін адамдар «адам саудагерлерінің» нысанасына айналады. Тіршілік үшін адамзат не істемейді дейсіз? Өзін, отбасын асырауға қаражат жетпегенде адамдар барлық іске барады. Жұмыс таппай, сандалып жүрген жандарға «адам саудагерлері» ақша табудың жолын ұсынып, арбайды. Ақыр аяғында құжатын тартып алып, құлдыққа сатып жібереді. Білімнің болмауы – күнкөріс минимумының төмендігіне, сондай-ақ құқықтық білімнің төмендігіне әкеледі. Сол себепті қоғамның құқықтық мәдениетін көтеру керек. Әр адам өз мүддесін қорғай алатындай, заңнан хабардар болса, бұл мәселенің зардабы азаяр еді. «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты» деген Шерхан Мұртазаның сөзі – осыған дәлел. Арзан жұмыс күшіне / жыныстық қатынасқа сұраныс – адам саудасын қыздырып тұр. Экономика негіздері бізге нарықты қалыптастыру үшін сұраныс пен ұсыныс болуы керек дейді. Арзан жұмыс күшіне және коммерцияланған жыныстық қатынасқа деген сұраныс адам саудагерлеріне адамдарды пайдалануға мүмкіндік береді. Осал топтар үшін адам құқықтарының болмауынан да адамдар көп сатылады. Көптеген елдерде маргиналдық топтардың адам құқықтары бекітілмеген. Бұл олардың адам саудасының құрбанына айналуына әкеледі. Маргиналдық топтардан адамдар көп сатылады. Зұлымдарға оларды сату, алдау, ұрлау оңайға түседі. Өйткені, олар құқық қорғау органдарының,отбасыларының, тіпті, қоғамның қорғауында жоқ. Әлеуметтік факторлар және мәдени тәжірибелер. Көптеген елдерде әдет-ғұрыптар мен әлеуметтік факторлар адам саудасының негізгі себебіне айналады. Кейбір жерлерде құлдық жұмыс қарызды өтеудің қолайлы әдісі ретінде қарастырылады. Діни, ұлттық құндылықтар есебінен қарап, адам сатуды норма деп қабылдайды. Мысалы, Мавритания сияқты кейбір елдерде құлиеленушілік әлі күнге дейін жойылмаған. Онда адамдарды ұрпақтан-ұрпаққа құл иелері иемденеді. Соғыс мен табиғи апаттар экономикалық тұрақсыздыққа және адам құқықтарының бұзылуына әкеледі. «Соғыс кезінде заңның үні өшеді» деп Цицерон айтқандай, небір қасіреттерге душар болады.
2 жыл өтсе де, Қазақстанда адам саудасы өршіп тұр. Екі күннің бірінде сұмдық жаңалық естиміз. «Ұрлап кетті», «Жезөкшелікке сатқан», «Жеңгетайлар ұсталды», «Шет елге қазақ қызын сатыпты», «Қайыршыларды мәжбүрлеп ұстаған», «Жұмысқа жеккен» деген сынды жаңалықтарға мән бермейтін де болғанбыз. Бірақ қаншама адамның тағдыры кімнің қолында?
2019 жылғы БҰҰ қылмыс бойынша басқармасы мен ҚР Бас прокуратурасының зерттеуі бойынша 75 мың Қазақстан азаматы құлдықтан зардап шеккен. Бұл сан қазіргі кезеңде өспесе, азаймады. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми деректерінде пандемия кезінде «Адам саудасы» бабы бойынша тіркелген қылмыстар саны 6 есеге артқан. 2019 жылы «Бұл жерде бізде көптеген шешілмеген мәселе бар. Тіпті, жағдай қиын деп айтуға болады. Мен бұл мәселені жолдауда ерекше атап өттім, енді бізге барлық уәкілетті мемлекеттік органдардың шешуші және үйлестірілген әрекеттері қажет. Қазақстан заңнамасы халықаралық стандарттарға сәйкестендірілуі керек», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берген болатын. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы Қылмыстық заңнамаға енгізілген түзетулер заңды күшіне енді. Соның ішінде адам саудасы, кәмелеттік жасқа толмағандарды сатуға қатысты баптар бар. Содан бері 2 жыл өтсе де, Қазақстанда адам саудасы өршіп тұр. Екі күннің бірінде сұмдық жаңалық естиміз. «Ұрлап кетті», «Жезөкшелікке сатқан», «Жеңгетайлар ұсталды», «Шет елге қазақ қызын сатыпты», «Қайыршыларды мәжбүрлеп ұстаған», «Жұмысқа жеккен» деген сынды жаңалықтарға мән бермейтін де болғанбыз. Бірақ қаншама адамның тағдыры кімнің қолында? «Ертең жарық күннің еркіндігін сезінемін, ертең бақыт келеді» деп түнге сіңісіп, таңды атыратындар қаншама?! Бәріне ортақ бір дүние бар. Ол – үміт. Бізді осы зобалаңнан «заң» немесе «біреу» құтқарады деген үміт. Сол үміттің жібі қаншама адамды өлтіріп жатқаны жаныңды қинайды.
Қазақстаннан адам саудасы құрбандарын «экспорттау» мәселесі әрқашан өзекті
Сапарбек Нұрпейісов, Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі:
– Адам саудасы аса ауыр қылмыстарға жатады және 4 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Қазақстанның Қылмыстық кодексі адам саудасына байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтардың 8 құрамын белгілейді. Елімізде құлдықтың қазіргі заманғы белгілерінің болуы түсінікті. Оның объективті себептері бар. Негізінен бұл жағдайға ТМД елдері арасындағы шекаралардың ашықтығы әсер етеді. Қазақстанның жеткізуші ретінде рөлі ауқымды емес. Бірақ тұтынушы және транзиттік дәліз ретінде көп жағдайда ұйымдасқан қылмыстық жағдайлар анықталып жатады. Әлемдік қоғамдастықпен бірлесе отырып, Қазақстан қазіргі әлемдегі құл саудасының жаңа әдіс-тәсілдеріне қарсы тұру үшін қажетті барлық шараларды қабылдады. Соның нәтижесінде елімізде соңғы бес жылда мұндай қылмыстардың статистикасы 43%-ға төмендеген. Алайда бұл қатып қалған көрсеткіш емес. Бұл тіркелгені ғана, тіркелмегені көп. Ресми ақпарат шынымен де адам саудасына қанша адамның душар болғанын көрсетпейді. Өйткені адам саудасы өте жасырын. Бұлай болуына құлдыққа тап болғандардың басындағы жағдайды айтқысы келмеуі себеп. Құрбандар, әсіресе, жыныстық қанаушылықта, психологиялық және физикалық қысымда болғандар ұзақ талқылауларға қатысқысы келмейді және басынан өт кенді жария етуден қорқады. Қазақстаннан адам саудасы құрбандарын «экспорттау» мәселесі әрқашан өзекті. Былтыр 26 193 тұлға шетелге тұрақты тұруға рұқсат алған, 2 617 738 азамат түрлі негіздер бойынша (емделу, жұмыс, оқу, қажылық және т.б.) кеткен. Ал адамдардың барлығы бірдей шетелде адам саудасының қаншалықты қауіпті екенін ескермейді. Олар қылмыскерлердің жымысқы әрекетін іске асыру үшін қандай айла-шарғыларды қолданатынын білмейді.
«Ресми ақпарат шынымен де адам саудасына қанша адамның душар болғанын көрсетпейді. Адам саудасы өте жасырын. Бұлай болуына құлдыққа тап болғандар жағдайын айтқысы келмейді. Құрбандар, әсіресе, жыныстық қанаушылықта, психологиялық және физикалық қысымда болғандар ұзақ талқылауларға қатысқысы келмейді, басынан өткенді жария етуден қорқады
Елігімай Төнкер
Фото:mnews.kz, newtimes.kz