«AMANAT» партиясы шалғай орналасқан ауылдық елдімекендерде мобильдік қоғамдық қабылдауларды жүргізуді жалғастыруда. Осы жолы партияның Ақмола облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесі Бурабай ауданына қарасты Веденовка ауылдық округінде болып, ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелері бойынша қабылдады. Бұл бастама партияны трансформациялау жұмыстарының азаматтармен кері байланысты күшейту тармағының аясында жүзеге асырылуда.
Бір мыңнан аса тұрғыны бар Веденовка ауылдық округіне 4 ауыл кіреді. Партияның ауылда қоғамдық қабылдау өткізетінін білген жергілікті халық жеке мәселелерімен қоса, тұтас ауыл үшін қажет өзекті деген мәселелерін көтерді. Оның қатарында ауыл мектебі мен көлік жүретін көпірді жөндеуден өткізу, балалар мен жастар үшін спорт алаңын салу, одан қалды көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, инженерлік желілер мен әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты мәселелер көтерілді.
Мәселен, ауыл тұрғыны Айгүл Қазбекова ауылымызда ауыз су мәселесі өткір тұр,-дейді. Себебі, сумен жабдықтау желілерінің әбден тозығы жеткендіктен, жиі-жиі істен шығып, тұтас ауыл сусыз қалатын күндер аз болмайтын көрінеді. «Сумен жабдықтау желілері жиі істен шығатындықтан, сондықтан күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан бүгін «AMANAT» партиясы келетінін естіп, бәріміз үшін өзекті мәселені шешіп беруде қолдау көрсетуді сұрадық. Биыл шешілсе екен дейміз». Ауылдық округ әкімі Мақсат Имамбаевтың айтуынша, су желісін күрделі жөндеуден өткізу бойынша жобалық-сметалық құжаты дайын. Салалық министрлікке бюджеттік тапсырыс берілмек.
Ауылда сондай-ақ медицина мамандары тапшы. Ауыл медбикесі Татьяна Прехель дәріхана ашу да өзекті дегенді алға тартуда. Бұл бағытта аудандық жұмыспен қамту бөлімінің мамандары түсініктеме берді. Яғни, ауыл тұрғындары ішінен фармацевт болуға тілек білдіретіндер болса, олардың арнайы ұйымдастырылған курстардан өту мүмкіндігі бар екенін айтты. Медицина мамандарының кадр тапшылығын да шешуге болады. Себебі, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, не болмаса көпбалалы отбасыдан шыққан түлектер үшін аудан әкімінің гранттары бар. Партияның облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Ақманат Әлімбетова, ауылдықтардың өзара шешуге болатын мәселелерде пысықтық таныту қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, мектеп директорына балаларды кәсіптік бағыттау ісін мықтап жүргізу қажеттігін айтты.
Ауылдықтар орта мектептің тозып, күрделі жөндеуді қажет ететінін алға тартты. Ауыл мектебіннің салынғанына жарты ғасыр болып қалған, 50 жылдан бері бірде-бір рет күрделі жөндеуді көрмеген. Алайда, апатты жағдайда болмаған соң оқу орнын жөндеу ісі кейін шегеріліп отырған көрінеді. Бұл сұрақ та партиялық бақылауға алынды.
Ойдым-ойдым жолдар мен апатты жағдайда тұрған көпір, тозығы жеткен сумен жабдықтау желісі – бұл Бұланды ауданына қарасты Вознесенка ауылы тұрғындары үшін өткір тұрған мәселелердің тек бір парасы. «AMANAT» партиясының облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдауы барысында жергілікті ауыл тұрғындары осы мәселелердің шешілу барысымен таныса алды.
Клара Меңдібаева, Ақмола облыстық Саяси кеңесінің мүшесі, аудандық мәслихат депутаты: Сумен қамту желісі бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, тендердің жариялануын күтудеміз. Ал, жолдарды жөндеу мен жарықтандыруға келсек, жолдарды жөндеп, қайта бұзбас үшін ол тек сумен қамту желісінен кейін қолға алынады.
Қабылдау барысында ауыл ақсақалы Виктор Коваленко ауыл жастарының екі қолына бір күрек таба алмай жүргенін, сондай-ақ, көшелерді жарықтандыру қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар өзін мазалап жүрген жеке мәселесін де көтерді.
Виктор Коваленко, Вознесенка ауылының тұрғыны: 23 жыл жер астындағы шахтада еңбектеніп, зейнетке шықтым. Алайда зейнетақым мардымсыз. Бұрын мал ұстап байқалмады. Күш кеткен соң жеке шаруашылықтан қол үздім, сондықтан қиынға соғып отыр. Зейнетақым дәрі-дәрмектен арылмайды. Оның үстіне бәрі қымбаттап жатыр. Осы мәселелерді партия шешіп берсе, жақсы болар еді. Жалпы, «AMANAT» партиясының біздің шалғай жатқан ауылға келгеніне қуаныштымын, жұмыстарына жеміс тілеймін.
Осы ауылда туып-өскен жас маман Олег Прокопенко «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауы өтіп жатқанын біліп, қабылдауға жазылғандардың бірі. Ол жастар үшін ауылда спорт алаңын салу керек,-дейді.
Олег Прокопенко, Вознесенка ауылының тұрғыны: Біздің ауылда жастар көп. Олардың көбі спортпен айналысқысы келеді. Сондықтан спорт алаңын салу өте өзекті мәселе. Партия осы мәселенің тездетіп шешілуін өз бақылауына алса, жақсы болар еді.
Клара Меңдібаева, Ақмола облыстық Саяси кеңесінің мүшесі, аудандық мәслихат депутаты: жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда спорт алаңдарын салудың маңызы зор. Бүгінде 21 млн 49 мың теңге бөлінді. Бұл жұмысты орындау үшін байқау жарияланатын болады.
Қабылдауға қатысқан аудандық мәслихат депутаттары мен аудан әкімі Талғат Ерсейітов, жергілікті билік өкілдері мен облыстық басқарма мамандары ауылдықтардың сұрақтарына жауап беріп, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Партияның облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Ақманат Әлімбетованың айтуынша, жауапты тұлғалар халықтың әрбір өтінішінің орындалу мерзімдерін белгілейді. Ал, оның орындалуы партиялық бақылауға алынады. Кейбір түйткілдердің оңтайлы шешілуі мақсатында депутаттық сұраулар жолданатын болады.
Бибінұр Әмірханқызы, «AMANAT» партиясының АОФ-ның баспасөз хатшысы