Бүгін Ақмола облысындағы стационарлардағы 36 науқастың жағдайы ауыр. Олардың барлығына КВИ-ге қарсы вакцина егілмеген. Инфекциялық стационарлардың төсек қорының жұмыспен қамтылу пайызы 33 пайызды құрады. Бұл туралы брифингте өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, Ақмола облысында коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақтанды және бақылау деңгейлері шегінде сипатталуда.
«Өткен аптамен салыстырғанда соңғы аптада КВИ-мен сырқаттанушылық 349-дан 315 жағдайға дейін, яғни 10,7 пайызға төмендегені байқалады. Инфекциялық стационарда 254 пациент ем алуда, оның ішінде 185 науқас КВИ (+) диагнозы және 69 науқас пневмония (КВИ–) диагнозы бар. Науқастардың 36-ның жағдайы ауыр, олардың барлығы КВИ-ге қарсы егілмеген. Инфекциялық стационарлардың төсек қорының жұмыспен қамтылу пайызы 33 пайызды құрады», – деп атап өтті А.Мусина.
Аймақтың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері атап өткендей, КВИ ауруының 90 пайызы ағымдағы жылы коронавирустың бірнеше рет мутацияға ұшырауына байланысты. Қазақстанда толық геномдық секвенирлеу жүргізілді, оның нәтижелері бойынша бүгінгі таңда елімізде тұрғындар арасында «үнді» және «британдық штамдар» бары анықталды. Омикрон коронавирус штамының нұсқасы табылған жоқ.
«Желтоқсан айының басынан облыс аумағына 66 адам келді, оның ішінде Германиядан – 20, Египеттен – 42, Чехиядан – 4, барлығы медициналық бақылауға үй карантиніне оқшауланды. Оның ішінде Көкшетауда – 27 адам, Бурабай ауданында – 22, Степногорде – алты, Сандықтау ауданында – төрт, Ақкөл ауданында – үш, Атбасар, Зеренді, Аршалы, Целиноград аудандарында-бір адамнан тұрады. «Омикрон» вирусын анықтауға арналған биоматериалдың алты сынамасы Алматы қаласының Ұлттық референц зертханасына жіберілді. Оның қорытындысы әлі шыққан жоқ», – деп түйіндеді А.Мусина.