Көкшетауда Абылай хан алаңында орнатылған жаңажылдық басты шыршаның шамдары жағылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ауа райының суық болуына қарамастан, мерекелік шараны тамашалауға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды. Жиналғандарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса құттықтады.
Биіктігі 22 метр шырша шамдары жағылып, аспанға түрлі түсті отшашу атылды. Әдемі әндер шырқалып, түрлі ертегі кейіпкерлері билеген тамаша кеште Аяз Ата мен Ақшақар көрермендерге, әсіресе балаларға жақсы көңіл-күй сыйлады. Сонымен бірге, жаңажылдық шырша орнатылған Абылай хан алаңына салынған мұз қалашығы да көкшетаулықтардың баратын ең сүйікті орнына айналып отыр.