Көкшетауда екі баласын тастап із-түзсіз жоғалып кеткен әйелді араға бес күн салып полиция қызметкерлері іздеп тапты, деп хабарлайды «Aqmola News».
Анасының айтуынша 19 қараша күні түнгі он екілер шамасында белгісіз бағытқа шығып кеткен 28 жастағы қызы сол күйі оралмаған.
Криминалды полиция қызметкерлері дереу арада , екі балалы әйелді іздеу шараларына кіріскен. Ақмола облысының барлық құрылымдық бөлімдеріне ұшты-күйлі жоғалған әйел туралы бағдар жолданған.
«Әйелдің болуы мүмкін жерлердің барлығы тексеріліп, таныстары мен туыстарынан жауап алынды. Іздеу шаралары нәтижесінде Көкшетау қалалық полиция басқармасының криминалды полиция қызметкерлері әйелді Бұланды ауданының Макинск қаласынан іздеп тапты. Оның денсаулығы мен өміріне ешқандай қауіп болмаған», – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Әйелмен және оның туыстарымен профилактикалық әңгіме өткізілген. Кәмелет жасына толмаған балалары болуына байланысты ювеналды полиция қызметкерлері де бұл отбасына барынша назар аудармақ.