Елімізде азаматтардың жаппай декларация толтыруы кезінде табыс пен шығыс арасындағы айырмашылық айқындалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Марат Ахметжановтың айтуынша, азаматтардың заң бойынша тапқан табысына шығыны сай келмейтін болса, бұл қаржылық тексеру жүргізуге түрткі болады, күдік тудырады.
«Мысалы, мемлекеттік қызметкер 10 млн теңге табыс тауып, жұмсаған шығын 100 млн теңге болса, әрине «бұл қаражатты қайдан алды?» деген сұрақ туындайды. Егер ол заң аясында қаражаттың қайдан келгенін түсіндіріп, дәлелдей алатын болса, онда ешқандай мәселе туындамайды. Тек жемқорлық емес, «көлеңкелі экономикамен» айналысып жүргендер де бар. Егер күдік тудыратын шығынды түсіндіре алмайтындай жағдай болса, сол сомадан 10 пайыз айыппұл төлейді. Ал қалған қаражат тегін алынады», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы.