Көкшетау қаласын таза ауыз сумен жабдықтау жұмыстары жалғасуда. Қала әкімі Бауыржан Ғайса журналистермен өткен брифинг барысында аймақтағы су құбырларын тазарту, жаңарту және кеңейту бойынша жоба іске қосылғанынынан хабардар етті.
Осы объект пайдалануға берілсе, қаладағы ауыз судың сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ суды кедергісіз өткізу қабілеті артады,-деді ол.
Еске сала кетсек, қыркүйек айында Сергеевка су сақтау қоймасындағы жөндеу жұмыстарына байланысты қаланың кейбір аудандарына су беру жұмыстары уақытша тоқтатылған болатын.
Қала әкімі су өткізу жұмыстарында не себепті қиындықтар туындағанын түсіндірді.
Мұның себебі қаланың жыл сайын өсіп келе жатқандығында, үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатқандығында деп айтар едім. Чаглин су қоймасының бір көзден су беру мүмкіндігі, өкінішке орай, 24000 текше метр қуатымен шектелген. Ал, қалаға су беруді үздіксіз қамтамасыз ету үшін 33 мың текше метр су қажет,-деді Бауыржан Ғайса су мәселесі сөз болғанда.
Сонымен қатар қала әкімі көшелердегі орнатылған калонкаларға байланысты тұрғындардың көтерген мәселесіне де тоқтала кетті.
Келер жылы барлық калонкалар алынады. Мұның орны орталықтандырылған су жүйесіне қосумен толықтырылады,-деді әкім.