Көкшетау қаласы бойынша 12 стационарлық егу пункті жұмыс істейді. Қала халқының шамамен 57 пайызы коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның бірінші компонентін алды.
«Көкшетау қаласы бойынша барлығы 12 стационарлық егу пункті жұмыс істейді, олар COVID-19-ға қарсы вакцинация жүргізуге жұмылдырылған және бір жылжымалы егу пункті шағын ауданда орналасқан. Сарыарқа, 6/8 (өрт сөндіру бөлімінің жанында). Жұмыс уақыты – демалыссыз сағат 11:00-ден 20:00-ге дейін«, – деп түсіндірді журналистермен өткен брифингте Көкшетау қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Ысқақов.
22 қыркүйекте Көкшетауда бірінші компонентпен 66744 адам егілді, бұл егуге жататын халықтың жалпы санының 56,7 пайызын құрайды (117 631 адам). Сондай-ақ, жұмыс бағыттарының бірі «Ashyq» жобасы арқылы коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды және үй карантині режимін бұзған байланыста болғандарды анықтау болып табылады.
«Жобаның тиімділігі коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды және үй карантині режимін бұзған адамдарды анықтаумен расталады. «Ashyq» қосымшасының деректері бойынша, жоба енгізілгеннен бастап адамдар көп жиналатын жерлерде екі аптаға оқшаулауға жататын 690 келуші тіркелген, оның ішінде «қызыл» мәртебесі бар – 553 адам, «сары» мәртебесі бар – 157 адам. Өзін – өзі оқшаулау режимін бұзғаны үшін барлығы 30 айлық есептік көрсеткішке «қызыл» мәртебесі бар 224 жеке тұлғаға жалпы сомасы 8 миллион теңгеден астам айыппұл салынды», – деп толықтырды бас дәрігер.
Айта кетсек, «Ashyq« жобасы бойынша Көкшетауда 800-ден астам қатысушы жұмыс істейді. Ақмола облысында «қызыл« мәртебесі бар 356 карантин бұзушыға айыппұл салынған.