Қорғаныс министрлігі Алматы облысында оқу-жаттығу кезінде офицердің қаза болғаны туралы мәліметке түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2021 жыл 14 қыркүйекте Алматы облысында парашютпен жоспарлы секіру оқу-жаттығуын орындау кезінде Қарулы Күштердің әскери қызметшісі, әскери шені «капитан», 1990 жылы дүниеге келген офицер қаза тапты», – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.
Ведомство марқұмның туыстарының өтініші бойынша ол туралы өзге ақпарат жария етілмейтінін ескерткен.
«Бұрын ол 50-ге жуық мәрте парашютпен секірген. Штаттан тыс парашютті-десант құтқарушылар тобының құрамына кірген. Қайғылы жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр. Қорғаныс министрлігінің басшылығы және Қарулы Күштердің жеке құрамы қаза болған әскери қызметшінің жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтады», – деп жазылған ресми мәліметте.
Қорғаныс министрлігі әскери қызметшінің отбасына көмек көрсету жөніндегі қажетті шараларды қабылдайды.