Ақмола облысында православ бейітінің басындағы темір қоршауларды қопара жұлып ұрлап кеткендер ұсталды. Жаға ұстатарлық оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған, деп хабарлайды «Aqmola News».
Оқиға Астрахан ауданында орын алған. Аудандық полиция бөліміне келіп арызданған 37 жастағы Астрахан селосының тұрғыны белгісіз біреулердің православ бейітіндегі металл қоршауларды ұрлап кеткенін хабарлаған. Ер адам бірнеше жерленген адамның басындағы темір қоршаулардың жоқ болып кеткенін байқаған.
Оқиға бойынша дереу жедел іздестіру шараларын ұйымдастырған полицейлер қылмыскерді анықтауға кіріскен.
«Тәртіп сақшылары бірден жергілікті металл қабылдау пунктіне барып, ондағы бейнебақылау камерасының жазбасын тексерді. Бейнебақылау камерасына автокөлікпен келген ер адам түсіп қалыпты. Аталған көлікті учаскелік полиция инспекторы бірден таныды. Иесі анықталып, көлігінен бейіттен алған қоршаулардың бірі табылды. 44 жастағы ер адам өз кінәсін толықтай мойындады», – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Қазір аталған оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 188 бабының 1 тармағы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.