Жыл сайын халық зор үмітпен күтетін ел Президентінің жолдауы «Білім күні» мерекесімен қатар келді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарын, оның елімізге алып келген зардабы мен өзгерістерін айта келіп, еліміздің әлеуметтік дамуына, ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуын, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігін қадап айтты.
Президентіміздің елімізді дамыту үшін жасалатын әр қадамдарды нығыздап тұрып айтқаны барлық жұртшылықтың көңілінен шықты деген ойдамын.
Өз басым мұғалім болғандықтан, ел Президентінің мұғалімдер мәртебесін көтеру жолында жасап жатқан еңбегі ұшан теңіз дер едім. Бүгінгі жолдауда да Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемдік пандемия кезіндегі мұғалімдердің баға жетпес рөлін атап өтті, дегенмен, біздің мемлекет әлі де онлайн платформаға дайын емес екендігі де тілге тиек етілді. Бұл ретте алдағы кезеңде арнайы бағдарлама әзірленетіндігін де жеткізді.
Сондай-ақ, келер жылда мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға артады дегені және алдағы жылдарда да бұл үдеріс жалғасын табатындығы туралы айтқаны, бұл үшін мемлекет тарапынан алдағы 3 жылда 1,2 триллион қаржы бөлінетіндігі мұғалімдер қауымына жаңа оқу жылы қарсаңында бір серпіліс бергені айдан анық. Қазіргі таңда педагогика мамандығына түсушілердің орташа баллының күрт өсіп жатқанының куәсі болып отырмыз. Биылғы оқу жылында өз мектебіміздің 2 түлегі жас маман болып, білім алған «алтын ұяда» мектептерінде алғашқы ұстаздық жолын бастап жатыр.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаһандық өзгерістер жағдайында білім алған түлек еңбек нарығына шыққанша ескіріп кету мүмкіндігі жоғары екендігін баса айтты. «Сондықтан бейінді министрліктердің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайларға бейімдеу бойынша шұғыл міндет тұр.» деп көрсетті. Мұғалімдердің өз біліктілігін жетілдіру курстарынан өзгермелі заманда 5 жылда бір рет емес, 3 жылда бір рет өту қажеттігін және ол курстардың тегін ұйымдастырылуы керекті де ескертілді.
Мемлекет басшысы өз жолдауының түйіні ретінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деп әр қазақстандықтың алдына жаңа межелерді айқындап, белгілеп берді.
Біз, мұғалімдер ұжымы, жолдауды іске асыру үшін барлық біліміміз бен тәжірибемізді жұмылдыратын боламыз.
Эльмира Халелова,
Зеренді ауданының Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясының директоры