Алғабас ауылының оқушылары мен ұстаздары үшін жаңа оқу жылы жағымды жаңалығымен басталмақ. Ауылда су құбыры мен кәріз жүйесі жаңадан тартылды. Су алдымен білім ордасына берілгенін ауыл тұрғындары да дән ризашылықтарын білдірген, деп хабарлайды «Aqmola News».
Ауылдағы ағайынның жақсы жаңалығын Қорғалжын ауданы әкімдігі мәлім етті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында елімізде түрлі әлеуметтік шаралар ұйымдастырылып жатыр. Солардың бірі де бірегейі Алғабас ауылының мектебіне су жүйесінің тартылуы болды. Бұл сүйінші хабарды ауыл тұрғындары көзбен көріп, көңілдеріне тоқып отыр. Ауыл мектебінің негізі 1985 жылы қаланса да, ғимаратына су тартылмаған. Ауыл халқының жанайқайын, мұғалімдердің мазасын кетірген су мәселесін шешуге жанашыр азаматтар кірісіп кеткен еді. Бас аяғы 2 миллион сома қаржы құйылған іс бүгін аяқталды. Бұл қайырлы іс асар жасаған азаматтардың арқасында оң нәтижесін берді», – дейді Қорғалжын ауданы әкімдігінен.
Аудан әкімінің орынбасары Дарын Сабырғалиұлының айтуынша бұл құрылысқа кәсіпкерлер мен меценаттар мейлінше қолдау көрсетіп, қажетті жұмыстар жүргізген.