Шығыс Қазақстан облысында сәбіз бен картоп бағасы ерекше қымбаттаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық банк сарапшылары азық-түлік тауарларының қымбаттауы тұтыну бағасының индексіне қатты әсер етіп отырғанын айтады. Банктің ақпаратына сүйенсек, маусым айында жұмыртқаның бағасы 13,9%-ға төмендеген. «Шығыс Қазақстан облысында азық-түлік тауарларының бағасы 2,3%-ға, Алматы қаласы мен Ақтөбе облысында 2,0%-ға, Түркістан облысында 1,0%-ға өсті. Шығыс Қазақстан облысында жемістер мен көкеністер бағасы басқа өңірлерге қарағанда жоғарырақ өсті (14,6%), әсіресе сәбіз (144,3%) бен картоп (111,5%), ал Қазақстан бойынша сәбіз 86,3%- ға, ал картоп 40,7%-ға қымбаттады», – деп жазады Ұлттық банк мамандары.
Сондай-ақ, сәбіз Ақмола, Павлодар, Атырау, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында да 2 еседен артық қымбаттады. Картоп бағасы Павлодар, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында жалпы елдегі өсімнен жоғарырақ қарқынмен өскен көрінеді. Ұ
лттық статистика бюросның дерегі бойынша, қызылша еліміз бойынша орта есеппен 47,0%-ға қымбаттады. Ең жоғарғы өсім Батыс Қазақстан облысында тіркелді (113,4%). Бір айда азық-түлік емес тауарлардың қымбаттауы 0,8% (мамырда – 0,6%) болған.
«Ең жоғарғы өсу Нұр-Сұлтан қаласында орын алды (1,3%). Қалада жуғыш және тазалағыш құралдар мен жеке қолданатын тауарлар бағасының да қымбаттауы (2,6% және 2,5%) тіркелді. Жалпы елде бұл тауарлардың бағасы 0,6% жоғарылады. Өткен айда елде жанармай бағасы айтарлықтай өзгерген жоқ (0,3%). Ал кейбір өңірлерде оның бағасы азын-аулақ төмендеді», – деп жазылған Ұлттық банктің сараптамасында.
Ал қызметтер ақысының бір айдағы қымбаттауы 0,7% болды. Мамыр айында да осындай меде тіркелген болатын. Ақылы қызметтердің айтарлықтай қымбаттауы Солтүстік Қазақстан (2,1%) және Атырау (1,7%) облыстарында тіркелген көрінеді.
Атап айтсақ, бұл өңірдерде электр энергиясы 18,5% және 16,9%-ға қымбатған. Республика бойынша өсім 1,0% екенін ескерсек, бұл тым жоғары инфляция деуге болады.
«Шығыс Қазақстанда тарату желілері бойынша тасымалданатын газ бағасы 17,0%-ға, Солтүстік Қазақстанда 9,9%-ға артса, қалған аймақтарда өзгеріссіз қалды. Басқа аймақтарда тарифтердің өзгермегеніне қарамастан, Нұр-Сұлтан қаласында суық су 6,5% қымбаттап, ыстық су 20% арзандады (жалпы ел бойынша ыстық су 2,7%-ға арзандады). Ақтөбе облысында да ыстық су 20% арзандағанымен, облыста жылдық ақылы қызметтер инфляциясы ең жоғары болып қалып отыр», – делінген ресми мәліметте.