Өңірде бірнеше ай бойы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Менің Отаным-менің Қазақстаным» сәндік – қолданбалы өнер шеберлері мен қолөнершілерінің облыстық байқауының аудандық кезеңдері өтуде, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.
Байқау қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, шеберлердің шығармашылық әлеуетін іске асыру, қазақ ұлттық өнерін дамыту және еңбек құндылықтарын ілгерілету мақсатында өткізіледі.
Бүгін Ерейментау ауданында шеберлердің шығармашылық жұмыстарының көрмесі өтті.
«Ауданымыздың түкпір-түкпірінен келген 11 шебер көрмеде ағаштан, былғарыдан, киізден, жүннен, бисерден, ұлттық нақыштағы бұйымдардан, түрлі қолөнер мен кәдесыйлардан өз жұмыстарын ұсынды. Қатысушылар үшін өз өнімдерін көрсетіп қана қоймай, әріптестер арасында жемісті қарым – қатынас орнатуға, жаңа тәжірибе жинауға және кәсіби шеберліктерін арттыруға мүмкіндік берілді», – деді ауданның ішкі саясат бөлімінде.
«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ермек Нұғманов бастаған қазылар алқасының мүшелері ұсынылған жұмыстардың жоғары көркемдік деңгейін, қатысушылардың техникасы мен шеберлігін атап өтті.
«Біздің арамызда еліміздің тарихы мен мәдениетін жақсы көретін көптеген талантты және шығармашыл адамдар бар, және бұл махаббат өз қолдарымен жасалған істерге салынған. Біз барлық қолөнер шеберлеріне халқымыздың бай мәдени мұрасына қол тигізгені үшін алғыс айтамыз», – деді қазылар алқасының мүшелері.
Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені Торғай ауылынан келген Әлем Нахшир жеңіп алды, ол байқауға дайындалған бас киімдер, ұлттық стильдегі аяқ киім, ат әбзелдерінің элементтерін ұсынды.
Барлық жүлдегерлер мен қатысушылар ұйымдастырушылардан мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.