Көбейтұз көлі шомылу үшін қауіпті. Мұны тек экология министрі мен жергілікті билік қана емес, химиктер де айтады. Неліктен шомылуға тыйым салынады және көлде қанша қауіпті заттар бар екенін «Aqmola News» АА тілшісі зерттеп көрді.
Көбейтұз көлінің гидрохимиялық қасиеттерін зерттеу үшін «ЭкоЛюкс-Ас»ЖШС экологиялық мониторингтің сынақ орталығы зертханалық зерттеулер жүргізді. Талдау нәтижесі суда нитраттар мен сульфаттардың екі есе, аммоний азотының – 900 есе, аммиактың – 840, хлоридтердің – 1 150, мышьяктың – 15,58 есе артуын көрсетті.
«Көрсеткіштердің нормадан артық болуына байланысты Көбейтұз көлі қауіпті болып табылады. Көлді санитарлық-гигиеналық және экологиялық талаптарға сәйкес жағдайда ұстау, сондай-ақ ластануды, қоқыстануды және сарқылуды болдырмау үшін 500 метр су қорғау аймағы белгіленген. Сондай – ақ, су сақтау қорына да 35 метр белдеу қойылып, шаруашылыққа пайдалану режиміне шектеу қойылған,-деді Ерейментау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдік шектеу шараларын түсіндіру үшін Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусинаға хат жолдады.
Химик Салтанат Әділбекова да суды талдау нәтижелері туралы түсіндіре келіп, қызғылт көлге бармауға шақырады.
«Егер су ағзаға енсе бұл- химиялық улану. Аммиактың жоғарылауы дерматитке әкеледі (қабыну тері ауруы) және басқа да аллергиялық реакциялар. Күйіп қалу, қышу, уланудың барлық түрлері болады. Тізімде радиоактивті металдар жоқ, сондықтан қатерлі ісік болмайды. Әрине, көл өлтіре алмайды, бірақ денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Шомылуды ұсынбас едім», – деді сарапшы пікірімен бөлісіп.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Көбейтұз көлі қауіпті деп есептелетінін айтып, ол жерге барудан бас тартуға шақырған болатын.