spot_img
Сәрсенбі, Сәуір 24, 2024
8.2 C
Kokshetau

Бурабайда «Рухани қазына-2021″фестивалі қорытындыланды (ФОТО)

Сондай-ақ...оқыңыз

Бурабайда «Рухани қазына-2021» республикалық фестивалінің жеңімпаздары марапатталды. Фестивальдің төртінші күнінде мәдениет және өнер өкілдері «Riхos» қонақ үйіне жиналып, марапаттау рәсіміне қатысты,-деп хабарлайды «Aqmola News».

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Еліміздің 17 өңірінен келген кітапхана, музей және мәдениет ұжымдарының қызметкерлері бір күн бұрын Бурабайдың көрікті жерлеріне саяхаттады. «Оқжетпес», «Жұмбақтас», «Бөлек тау» сияқты таңғажайып орындарды аралаған қонақтардың алған әсерін тілмен жеткізу мүмкін болмады.

Бурабайдағы ашық аспан астындағы «Ботай» музейінің маңына ақ шаңқан қазақ үйлер тігіліп, ат жарыстырылып, самаурын қайнатылды.

Кең даланың төсінде, келген қонақтардың құрметіне «Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының» өнерпаздары ән де шырқады, күй де тарту етті. Айтулы шараға жергілікті өнерпаздар, Көкшенің сал-серілері, мәдениет мекемелері, «Халық шығармашылық» орталығы» ұжымдары, ат салысты.

Мен Көкшетауға Қарағанды облысы, Долинка кентінен келдім. Бұл фестивальде «Үздік музейлік жобасы» аталымын жеңіп алдық. Ұйымдастыру жұмыстары маған қатты ұнады. Қандай көрікті орында демалып жатырмыз. Сөзім жоқ! Біз мұндайды күткен жоқпыз.Осы шара арқылы еліміздің түкпір – түкпіріндегі музей басшыларымен танысуға, тәжірбие алмасуға мүмкіндік туды,-дейді саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінің жетекшісі Светлана Байнова.

Мен Атырау өңірінен келдім. Табиғаты әсем Көкше еліне қонақжайлығы үшін басымды иіп тұрып алғыс айтамын. Бұл додада мемлекеттік маңызы бар кітапхана ретінде жүлдеге іліктік. Жәй ғана марапаттау шарасына келген жоқпыз, сонымен қатар Көкше өңірінің киелі орындарын көріп, рухани байып, өзге өңірлердегі кітапханашылармен бас қосып жатқан жайымыз бар. Бізге осы мүмкіндікті сыйлаған мәдениет министрлігіне, облыс әкімдігіне алғыс білдіреміз,-дейді Атырау қалалық орталық кітапхананың жетекшісі Жеміс Төреуішқызы.

Еліміздің үздік мәдениет өкілдері бас қосқан бұл фестивальге Нұр-Сұлтаннан ресми өкіл де келді. Олардың қатарында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Сенат депутаты қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп, мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса, Мақпал Мыса бар.

Облыс әкімінің орынбасары Айна Мүсірәлімова да жиналған көпшілікпен бірге болып, облыс әкімдігінің мәдениет қызметкерлерінің күні қарсаңында өткізіліп жатқан шараға құттықтауын жеткізді.

Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев алыс-жақыннан келген қонақтардың жай күйін өз бақылауына алды.

Бұған дейін фестивальдің ресми ашылу салтанаты Көкшетау қаласында өткізіліп, оған Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова келіп, Көкшетауға берілген «Рухани қазына-2021» фестивалінің мәдени астанасы» ресми атауын табыстап кеткен еді.

Енді міне Бурабай баурайында дүркіреген фестиваль «Абылайхан алаңында» жалғасты. Бұл алаңға қолөнер шеберлерінің көрмесі қойылып, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан шолақтардың ордалары тігілді.

Алаңға аяқ басар тұста көпшілікті көкшелік белгілі ақын Қуаныш Оспан жырдан шашу шашып қарсы алды.

Аспан астындағы театрландырылған қойылымда Біржаның рөлін белгілі әнші Дәулетхан Мұратхан сомдады.

Келесі ауыл Ақан серінің ауылы. Мұнда Ақан рөліндегі Ақылдас Сәметай серінің әндерін әуелетіп, қонақтардың көңілін көтерді. Үкілі Ыбырайдың рөлін Мақсат Қайырмағанбетов сомдаса, Балуан шолақтың ауылын той-думанға толтырған целиноградтық әнші Азамат Сәкенов болды.

Келесі ауыл ел аналары мен қыз келіншектердің ауылы. Мұнда да халық әндері айтылып, жүн түтіліп, ұршық иіріліп, сырмақ тоқылды.

Сал серілердің ауылын аралап, ән мен жырға елтіген қонақтардың, жалпы жиналған көпшіліктің ықыласын сезу қиынға соқпады.

Абылай хан алаңындағы жиын тойдан кейін сауықшыл қауым «Riхos» қонақ үйіне бет түзеді.

Мұнда кітапхана, музей, мәдениет үйлерінің арасында өткізілген онлайн байқаулардың жеңімпаздары марапатталды.

Мәдениет ұйымдарының байқауына белгілі әншілер Жеңіс Сейдолла, Айгүл Иманбаевалар қазылық етсе, кітапхана жұмыстарына Қазақстан ұлттық академиялық кітапханасының  директоры Үмітхан Мұналбаева бастаған белгілі ғалымдар әділ бағасын берді.

Ал, музей жобаларының жеңімпаздарын «Kazmuzeum» қоғамдық бірлестігінің директоры Жолбарыс Нұрсерік, «Бозақ» мемлекеттік тарихи-мәдени музейінің директоры Сәуле Бөкейханқызылар анықтады.

Көкше жері ежелден ата-бабаларымыз өнерін асырған, ұлтымыздың мәдениетін жаңғыртқан қасетті өлке. Еңбек ұжымдарын ынталандыру, олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызу министрліктің назарындағы мәселелер. Барша  жеңімпаздарды құттықтаймын, халқымыздың руханиятына сүбелі үлес қосар тұста сәттіліктер мен жетістіктер тілеймін,-деді вице министр.

Көкше жерінде төрт күн бойы жалғасқан фестивальдің қорынтындысына сәйкес, жеңімпаз ұжымдарға 1 миллион теңгеден, ал жеке қызметкерлерге 500 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар берілді.

Еліміздің түкпір түкпірінен келген жеңімпаздар үздік ауылдық, аудандық, облыстық маңызы бар аталымдары бойынша, «Үздік музелік онлайн жоба», «Мәдениет жанашыры» сияқты жүлделермен марапатталды.

Сонымен қатар Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаев, Ыбырай Алтынсарин, Бердібек Соқпақбаев, Әлихан Бөкейханов атындағы арнайы номинациялар тағайындалып, еңбек ұжымдарына табысталды.

Олардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласының және Павлодар облысында орналасқан көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана ұжымдары да бар. Мұндай қызметкерлерді марапаттаған сәтте, оларға халық орнынан тұрып, ерекше құрмет көрсетті.

Үздік еңбек ұжымдарын марапаттау сәтінен соң, «21 мамыр мәдениет қызметкерлері күніне орай» ақмолалық бір топ өнер саласында еңбек етіп келе жатқан тұлғаларға «Еңбек ардагері» медалі, мәдениет министрлігінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды.

Олардың ішінде «Еңбек ардагері» медалі Аршалы ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Валентина Карпичке берілсе, құрмет грамоталар мен алғыс хаттар облыстық шығармашылық орталығының бөлім басшысы Гүлмира Жұмағалиева, «Он алты қыз» топ жетекшісі Мәдина Досмағамбетовалар сынды бірқатар өнерпаздарға берілді.

Осылайша, Көкшеде ұйымдастырылған фестиваль мәресіне жетіп, еңбек ұжымдары көкшелік жұртшылықпен қимастықпен қоштасып, өз бағыттарына бет түзеді.

Әділ қазылар мен Парламент үйінен, министрліктен келген тұлғалар келесі жылы да «Рухани қазына» фестивалінің жалғасатынына сенім білдірді.

- Жарнама -spot_img

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

«Қазақ тілі қажеті болмаса, не үшін үйрендім?..» деген сөз қандай ауыр еді!..

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді үйреніп алып, қазақ тілінің көркемдігі мен шұрайлылығын насихаттап, мақтап етіп...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img