Зеренділік Арай Маекенова биыл аудан орталығында тұрғындарға педикюр қызметін көрсететін «Medpedicure» кабинетін ашты. Ол үшін алдымен Алматыға барып, подология негізіндегі педикюр курсында оқыған екен,-деп хабарлайды «Aqmola News»ақпарат агенттігі
Сонымен қатар, ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында бизнес негіздерінен сабақ алып, өзінің бизнес жобасын қорғап, 555 мың теңгенің сертификатын алған. Бұл соманың үстіне тағы өзі ақша қосып, педикюр жасауға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған және өзі тұрып жатқан үйдің бір бөлмесін арнайы педикюр кабинеті етіп жабдықтаған.
–Педикюр кабинетін ашқандағы мақсатым тырнақтары зақымданған адамдарға көмек көрсету болып табылады. Мен мұнда сән салондарында секілді тырнақты боямаймын, тек подология негіздері бойынша тырнақта және өкшеде пайда болған саңырауқұлақты арнайы аппаратпен алып, қисық өскен тырнақтарды дұрыстап, тырнақтың түзу өсуін ретке келтіремін. Әдетте, инфекцияның салдарынан пайда болатын тырнақ саңырауқұлағы егде адамдарда жиі кездеседі, – деген педикюр шебері Арай Маекенова қарт адамдарға үйлеріне барып қызмет көрсетсе, бірінші топтағы мүгедектерді тегін қабылдайды.
Педикюр кабинеті жуырда ашылғаннан кейін мұндай жеңілдіктер барын тұрғындардың көбі білмейтін көрінеді. Арай күн жылынып, қар ерігеннен кейін ауданның шалғай ауылдарынан да адамдар көптеп келеді деп үміттеніп отыр.
Педикюр жасау үшін арнайы медициналық білімнің қажеті жоқ. Дегенмен, кейіпкеріміз тырнақ ауруларын подология негіздеріне сүйене отырып қана емес, тұрғындарға медициналық жағынан да көмек көрсете алу үшін биыл Көкшетау жоғары медициналық колледжіне оқуға түспекші. Қазір кейіпкеріміз жұмысынан, үйдің тірлігінен қолы босаған кезде мектепте өткен тақырыптарды қайталап, емтиханға дайындалуда.