Көкшетауға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов жұмыс сапарымен келді. Ол аймақ басшысы Ермек Маржықпаев және Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчидимен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде құрылған «Smart Aqmola» мекемесіне барып, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар базасымен танысты,-деп хабарлайды «Aqmola News» ақпарат агенттігі.
«Smart Aqmola» офисі көлік құралдары мониторингінің бірыңғай жүйесін, оқиғалар карточкаларын диспетчерлеу жүйесін, цифрлық картографиялық қамтамасыз ету жүйесін, шақыруларды қабылдауға арналған цифрлық IP телефония жүйесін және барлық кезекші-диспетчерлік қызметтер жүйесін қамтитын «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметті іске асырады.
Сондай-ақ, мұнда халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету және қауіпсіздігі мәселелері бойынша өтініштерді тәулік бойы қабылдауды көздейтін «109» бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді.
Бұдан басқа, облыс өңірлерінің әкімдіктерінде «Нәтиже» азаматтардың өтініштерін бірыңғай қабылдау орталығы» пилоттық жобасы іске асырылуда, сондай-ақ «Smart Aqmola» ақпараттық – талдау жүйесі базасында «Сапалы жол-Адалдық алаңы» жобасын цифрландыруды қамтамасыз ету жоспарлануда.
«Бүгінгі таңда цифрландыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ең тиімді құралдарының бірі. Өйткені, цифрлық технологияларды қолдану мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға, мемлекеттік органдар жұмысының транспаренттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Олжас Бектенов сапар барысында.