Ақмола облысында 9 684 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақтық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, қазіргі кезде КВИ-ға қарсы вакцинация жүргізу үшін облыс бойынша барлығы 26 егу пункті жұмыс істейді. Көшпелі егу бригадалары тоңазытқыш қондырғысы орнатылған рефрижераторлық үлгідегі термоконтейнерлерді пайдаланады. Вакцинаны тасымалдау «суық тізбекті» сақтай отырып жүзеге асырылады.
Көкшетауда «РИО» сауда, ойын-сауық орталығы мен Мемлекеттік кірістер департаментінде жылжымалы егу пунктері ашылды.
1-ші қалалық емхананың мобильді егу бригадасы терапевт дәрігер мен егу медбикесінен тұратын кабинеттерде кушеткалар, ыңғайлы дивандар және тоңазытқыштар бар.
«РИО» СОСО-ның жылжымалы егу пунктінде бір апта ішінде 425 адам егілді. Көшпелі егу бригадалары ұжымдарға барып, қызметкерлерге өндірістен қол үзбей екпе салуда.
«Ақмола облысында 9 684 адамға бірінші компонентпен екпе салынды. Елдегі ересек халықтың кем дегенде 60 пайызына вакцина салынған кезде ұжымдық иммунитетке қол жеткізіледі. Бұл карантидік шектеу шараларының барлығын алып тастауға мүмкіндік береді», – дейді ведомство басшысы Айнагүл Мусина.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі «электрондық үкімет» порталында «вакцинацияға жазылу» жаңа қызметін іске қосты. Ол үшін азамат «электрондық үкімет» порталында тіркелу және тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға түсетін өтінім беру қажет. Медициналық ұйым вакцинация уақытын көрсете отырып, өтінімді қарайды және бөледі.
Содан кейін азамат «электрондық үкімет» порталында егу пунктіне баратын күні мен уақытын көреді, сондай-ақ қосымша SMS-хабарлама алады.