2021 жылдың 5-7 cәуір аралығында Ақмола облысының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері мен түлектері арасында «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» құзіреттілігі бойынша өткізілген «Worldskills Kazakhstan – 2021» аймақтық чемпионаты өз мәресіне жетті. Ұлттық чемпионаттың аймақтық кезеңіне облыстан аталған құзіреттілік бойынша 5 үміткер қатысып, бақ сынады,-деп хабарлайды «Aqmola News» облыстық білім басқармасына сілтеме жасап.
Қатысушылар білімдерін кезеңдер бойынша ортаға салды. Атап айтқанда С модулі сәндік қолданбалы өнерге арналды. Бұл бөлімде тәрбиеші балалармен бірге орындайтын сәндік сурет салу үлгісін әзірледі.
D модулінде мектеп жасына дейінгі балалар үшін робот техникасы бойынша оқу қызметін әзірлеу және өткізу болса, E модулі денсаулық пен білім беру үрдісіне бағытталған ересек топ балаларымен таңертеңгілік жаттығуды әзірлеу және өткізу жұмыстары көрсетілді.
Нәтижесінде, барлық кезең бойынша өз шеберлігін таныта білген Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті Иват Үмітгүл І орын, Щучинск қаласы, жоғары педагогикалық колледжінің студенті Нұрмағамбетова Нұрсұлу Бауыржанқызы ІІ орын иеленді.
Жоғары қазақ гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Калижанова Жадыра Асқарқызына, Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің студенті Осина Виолеттаға, «Арна» Көкшетау жоғары колледжінің студенті Калиновская Алина Витальевнаға чемпионат барысында көрсеткен жоғары деңгейдегі дайындықтары мен шеберліктері үшін Алғыс жарияланды.
Барлық қатысушылардың жетекшілері алғыс хаттармен марапатталды.
Аймақтық кезең жеңімпазы «Worldskills Kazakhstan – 2021» республикалық чемпионатында облысымыздың намысын қорғайтын болады.