Бар саналы ғұмырын оқу-ағарту саласына, шәкірт тәрбиелеу ісіне арнаған Геологиялық-минералогиялық ғылымдарының кандидаты, ҚР халықаралық ақпараттандыру академиясының мүшесі, Ресей жаратылыстану академиясының профессоры, ғалымдық пен ұстаздықты ұштастыра білген парасатты ұстаз, зерделі ғалым, Шоқан Уәлиханов университетінің Стратегия және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректоры Темірхан Ниязұлы Жарқынбеков бүгін өмірден озды.
Кенеттен болған бұл ауыр және мезгілсіз қаза білім ордасындағы барша ұстаздар қауымының қабырғасын қайыстырып отыр.
Шоқан Уәлиханов университетінің ұжымы атынан Темірхан Ниязұлының отбасы мен туған-туысқандарының қайғысына ортақтасып көңіл білдіремін.
Темірхан Ниязұлы Жарқынбеков өзіне жүктелген басшылық қызметтерді абыроймен атқара отырып, Отандық ғылым мен білім саласының дамып-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан ғалым-ұстаздардың бірі.
Жұлдыздай жарқ еткен қысқа ғұмырында өшпес із қалдырған Темірхан Ниязұлының ақжарқын бейнесі, мүбәрәк жүзі жүрегіміздің төрінде мәңгі сақталап қалары сөзсіз.
Марқұмның жаны жәннатта, топырағы торқа болсын!
Иманы жолдас болып, қабірі нұрға толсын!
Марат Сырлыбаев,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры.