Биылғы жыл Көкшетау қаласының білім саласына айтарлықтай өзгеріс әкелуімен ерекшеленбек. Қала әкімі Амангелді Смайылов инстаграмда тікелей эфир арқылы қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу кезінде аймақ басшысы жаңа мектеп пен балабақшалардың бой көтеріп, пайдалануға берілетіндігін мәлімдеді,-деп хабарлайды «Aqmola News» ақпарат агенттігі.
Қала әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта барлығы 446 орынға арналған екі балабақшаның жобалау-сметалық құжаттары әзірленіпті. Оның бірі Сарыарқа шағын ауданында, екіншісі Нұрлы көш ауылында орын теппек.
Бұдан бөлек, Сарыарқа шағын ауданында 1200 орынға арналған жаңа мектептің тиісті құжаттары әзірленген.
Аймақ басшысы биылғы жылы әлеуметтік сала нысандарын салу үшін бюджеттен 3,8 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті.
Сонымен қатар №1,4,6,13-ші мектептерге барлығы 1680 орындық 23, 3 мың шаршы метр болатын жапсарлас құрылыс нысанын салу жоспарлануда. Олардың кейбірінің құрылыс жұмыстары өткен жылы басталды. Пайдалануға берілгені де бар,-деді қала әкімі.
Тікелей эфир кезінде қала әкімі Краснояр күре жолының бойындағы көп жылдардан бері құрылысы аяқталмай жатқан мектеп туралы да айтып өтті.
Краснояр трассасының бойында жалпы ауданы 8,5 мың шаршы метр, құны 1,4 млрд. теңге болатын 392 орындық оқу-тәрбие кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаны іске қосу 2021 жылға жоспарланып отыр,-деді Амангелді Смайылов.