Италияға COVID-19-ға қарсы AstraZeneca фармацевтикалық компаниясының 250 мың дозаға жуық вакцинасы жеткізілді. Ел тұрғындары келесі аптадан бастап екпе алады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Aqmola News» Euronews агенттігіне сілтеме жасап.
Әуелде Италия билігі алғашқы тоқсанда түрлі өндірушінің 28 млн доза вакцинасын алуды көздеген, бірақ жеткізу кестесі үзіліп, қаңтарда тек 2 миллион вакцинаға ғана қол жеткізді. AstraZeneca вакцинасының алғашқы партиясын сенбі күні Францияның медицина мекемелері де алып, алғашқы екпелер Лион ауруханасында жасалды. 273 мың доза 65 жасқа дейінгі медицина қызметкерлеріне арналған. Дәрілік құралдар бойынша еуропалық агенттіктің мақұлдағанына қарамастан, Франция әзірге бұл екпені одан үлкен адамдарға салмау туралы шешім қабылдады.
«Біз бүгін AstraZeneca вакцинасының 7 700 дозасын алдық және соны егуді бастаймыз. Біз екпе кеше кешке жеткізілгеннен кейін вакцинация жасауды бірінші болып бастадық. Бүгін түстен кейін осы орталықта жүз екпе жасау жоспарланған», – деді Лион ауруханасының бас дәрігері Эдуара Эррио Валери Дюран-Рош.
AstraZeneca вакцинасының 200 дозалық алғашқы партиясы Испанияға да жеткізілді. Бұл елге Pfizer/BioNTech және Moderna-дан кейін әкелінген үшінші препарат. Испанияның денсаулық сақтау министрлігі AstraZeneca-ны 18-55 жас аралығындағы азаматтарға салу туралы шешім қабылдады. Еске салсақ, «AstraZeneca» – Еуропа дәрілік заттар агенттігі мақұлдаған үшінші вакцина. Бұған дейін ЕО америкалық «Pfizer» және «Moderna» вакциналарына рұқсат берген еді. Ал британ-швед компаниясының «AstraZeneca» вакцинасының алғашқы тобы Нидерландыға бесінші ақпанда жетті.