Қазақстанда апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін модульдік үлгідегі ғимараттар салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
«Апатты және үш ауысымды мектептерді жою үшін инфрақұрылымдық мәселелер әлі де өзекті болып отыр. Биыл 200 мектеп салу жоспарлануда. Бұл үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдану, модульдік конструкция әдісімен мектептер салу, жеке мектептер желісін дамыту және мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс тетіктерін пайдалану жүзеге асырылады. 10 ақпанға дейін әкімдіктермен бірлесіп өңірлер бойынша 800 мектептің құрылысы бойынша жол картасы әзірленеді», – деді министр.
Бұдан бөлек, ведомство оқу жүктемесін азайту мәселесін де қарайды. Тілдік пәндер, математика және информатика сияқты пәндерге назар аударылады. Ал Қазақстан және дүниежүзі тарихы бойынша бірыңғай мектеп оқулықтарын әзірлеу және енгізу үшін тиісті нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Еске сала кетейік, 26 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушылары үшін Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихы пәндері бойынша бірыңғай оқулықтар әзірлеуді тапсырды.