Ақкөл қаласында жаңа жылу қазандығы іске қосылды. Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылды,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Құрылысына 800 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген жылу қазандығына 30 жыл бойы орталық жылу жүйесінен ажырап қалған үйлер де қосылмақ.
Мамандардың айтуынша, қаладағы жаңадан орнатылған 4 қазандық та отандық өнімдер. Мұнда Щучинск қаласында шығарылған 4-5 гигакалориялық қазандығы орнатылған.
Ескі жылу қазандығының қуаты 8 гигакалорий болса, жаңа нысан 14 гигакалорий жылу өндіреді.
Қазір 45 пәтерлі екі тұрғын үй салынуда. Құрылыс аяқталған соң ол үйлер де осы қазандыққа жалғанады. Қазір біз жылу жүйесіне көпқабатты 17 тұрғын үйді қостық. Сонымен қатар аудандық сот, мәдениет үйі, 140 орындық балабақша, кітапхана, басқа да жеке кәсіпорындар да қосылған. Бұл жерде жұмыстардың барлығын тетіктер арқылы операторлар басқарады. Ешкім күрек ұстап, бұрынғыдай күл шығармайды,-дейді аудандық құрылыс бөлімінің жетекшісі Олег Шевченко.
Жаңа жылу қазандығының құрылыс жұмыстарына 200-ден астам адам тартылған. Оның 135-і жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыс істеді.